Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің ашылғанына бір ай асты.
Ботагөз Шитыбаева, Түркістан облыстық клиникалық аурухананың қызметкері: «Біздің аруханаға 2 бағдарламашы мен бір заңгер керек. Өтінімді қабылдады. Жастар бізде жұмыс істеуді, ұжымда өзін қалай ұстауды үйренеді. Егерде жақсы жұмыс істесе, онда тұрақты жұмысқа қабылданады».
Жыл басынан бері бөлім қаладағы 800-ге жуық жұмыс берушінің өтінімін қабылдап, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Былтыр жастар практикасы бойынша 2 мыңнан астам жас маман уақытша жұмысқа орналасқан. Айта кету керек, жастар практикасы бойынша 6 айлық жұмысқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіргеніне 3 жылдан аспаған, бұрын жастар практикасына қатыспаған 29 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады.
Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандар ағымдағы жылдан бастап айына 72 900 теңге жалақы алады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 69 700 теңге болатын. Жаңа бөлім ақылы қоғамдық жұмыс және жастар практикасы бойынша жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, «Еңбек.кз» электронды еңбек биржасы порталындағы бос жұмыс орындарына талдау жасайды.
Сонымен қатар, жұмыс берушілердің бос, қысқарған жұмыс орындары туралы мәліметтерін аталған порталға енгізуін қадағалайды.
Шынар Оразова