Автобустарда ақша жинайтын ерікті балалар тексеріледі

7
Фото: Отырар.кз

Енді қоғамдық автобустарда қайырымдылық қоры атынан волонтер болып жүрген балалар тексерілмек. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлім етті. Ал балалар құқықтары жөніндегі жергілікті уәкілдік жасөспірімдер 16 жастан бастап қана еңбек нарығына араласа алады деп отыр.

«Сәлеметсіздер ме, құрметті, жолаушылар! Мен белгілі бір қайырымдылық қорынан келіп тұрған волонтермін». Күнделікті қоғамдық көлікте дәл осындай жаттанды сөздерді айтып, ауыр дертке шалдыққан балаларға қаражат жинайтын жан көбейген. Тіпті жұма күндері қаптап кетеді. Енді мұндай еріктілерге тексеріс жүруі мүмкін.

Сенат отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха енді қоғамдық автобустарда ерікті болып, ақша жинап жүретін балалар тексерілетінін айтты.

«Бұл жасөспірімдердің кім екені, олардың артында кім тұрғанын анықтау үшін тиісті департамент басшыларына тапсырма беремін. Егер олардың артында біреу тұрып, осылай табыс тауып отырған болса, онда ол алаяқтық болады», — дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Айта кетейік, қайырымдылық қорлары атынан қоғамдық көліктерде ерікті ретінде жұмыс істеп жүретін жасөспірімдер соңғы кездері тіптен көбейіп кеткені белгілі. Қала тұрғындары оқушылар мұндай іспен айналыспау керек десе, енді бірі қалыпты жағдай екенін айтады.

«Мен соны дұрыс емес деп санаймын. Жас бала өз жұмысын жасау керек. Оқушылар, студенттер ғой жүрген. Олар сабақтарын оқу керек. Ал оған кім, неге рұқсат еткенін білмеймін».

«Қолдарында құжаттары бар ғой. Ешқандай қарсылығым жоқ. Қалыпты жағдай деп ойлаймын».

«Күманданамын. Бірақ оны қарап, тексеруге уақыт кетеді. Басымды ауырқым келмейді. Бірақ тексеріп көруге болады».

«Қарсы болмаймыз. Жаңа айтып жатыр ғой. Мүгедек балаға деп ақша жинап жатыр. Оған қалай қарсы боласың», — дейді қала тұрғындары.

Ал балалар омбудсменінің Шымкенттегі өкілдігі мектеп оқушылары жұмыс істеуі заңға қайшы емес екенін айтты. Тек белгілі бір жас мөлшері енгізілген және бірінші кезекте ата-анасының келісімі болуы керек. Сонымен қатар бұл жұмыс баланың сабағына кедергі келтірмеуі тиіс.

«Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек келісімшарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Дегенмен еңбек келісімшартын 14-15 жастағы жасөспірімдер де жасасуға құқылы, алайда бұған қатысты бірнеше талап бар. Негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады», — дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігі.

Мамандар балалардың қандай қормен жұмыс істеп жүргенін зерделеу керектігін алға тартты. ал тексерістің қалай және қашан жүргізілетіні әзірге белгісіз.