Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 2-ші сессиясы өтті.

Құрсай шағынауданы

Шаһар аумағындағы көшелерді жарықтандыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік МЖЭ жобасы аясында алматылық инвестормен жүзеге асырылады. Жаңа құрамдағы қалалық мәслихаттының ағымдағы жылға жұмыс жоспары бекітіліді.

Шымкент қаласының сыртқы жарықтандырудың құрылысын салу және қайта құруды былтыр конкурста жеңімпаз атанған алматылық инвестор жүзеге асырады. Мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы аясында міндтемелерді қабылдау туралы шешімге толықтыру енгізіліп, бүгінгі сессияда мақұлданса алматылық компания өз міндеттеріне- қаладағы сыртқы жарықтандырудың құрылысына кіріседі. Үш жылда инвестор шаһарға 10,6 млрд. теңге көлемінде инвестиция құймақ.

«Қалада 2967 көше бар, олардың 747 көшеде қоғамдық көлік жүреді, мектеп жолдары, жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Олардың 220-сы жарықтандырылған. Қалғаны қараңғы. Инвестор 303 көшені жарықтандырамын деп отыр»-деді   баяндамасында Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а. Боранбай БОЛАТБЕКОВ.

Бұл мәселе тұрақты комиссияларда жіті қаралса да, сессияда қайта қызу талқыланды. Баяндама бойынша сын- ескертпелер де айтылды.

Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Шымкенттегі  жарықтандыру құрылысымен  айналысатын  алматылық компания жайлы  ролик түсіріп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысымен  сол кәсіпорында болып,  оның мүмкіндіктерін, атқарған жұмысын барлығын көрсету керек еді. Мынау презентацияға жатпайды. Алдағы уақытта ескеріңіз».

Шымкент қаласының  мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов  әріптесін  қолдайтынын, баяндамада көп тұстар қамтылмағанын алға тартты: «Маңызды тұстар айтылмады, жоба жүзеге асырылса,  Шымкентте  180 жаңа жұмыс орны ашылады, тұрғылықты халық жұмыс істейтінін неге айтпайсыз, салық жергілікті бюджетке түсетіні жайлы айтпадыңыз. Осы мәселе бойынша 4 ай бойы зерттеу жұмыстары жүргізілгені  де назардан тыс қалды.  Үш күн  болды осы мәселені талқылап жатқанымызға. Жоба тиімді, оның жүзеге асырылуы бақылауымызда болады».

Жобаның қала үшін тиімді тұстары және инвестор жайлы толыққанды мәліметті шаһардың басшысына нақтылауға тура келді: «Қалада инвестордың қаржысына әр жылы жарықтандыруға 3,5 млрд. теңге жұмсалады. Жоба смарт үлгіде. Жаңа технологияларды қамтыған мұндай көлемдегі жұмысты атқаратын компания табылмады. Тәжірибесі бар алматылық компанияның жобасы лайықты. Қазір қалада электр жарығы өшсе, диспетчерлік  бекет жоқ бірден қосатын. Жоба жүзеге асса, барлығы жүйелі болады».

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе- қалалық мәслихаттың биылға бекітілген жұмыс жоспары бойынша денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыс бірінші тоқсанда қаралып, білім саласының жұмысы үшінші тоқсанда талқыланатын болды.

Шынар Оразова