Úı Jańalyqtar Түркістан облысында «Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша оқу-жаттығу шарасы» өтті

Түркістан облысында «Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша оқу-жаттығу шарасы» өтті

 

Түркістан облысында биылғы жылы көктемгі уақытта орын алуы мүмкін төтенше жағдайлармен күреске жалпы 83 техника, 466 жеке құрам дайын. Аталған техникалар облыс басшылығына Отырар ауданында өткен оқу-жаттығу шарасында көрсетілді. Шара барысында мамандар 7 ауданның техникасының қазіргі жағдайы, олардың техникалық қабілеті туралы баяндап, халықты эвакуациялау жұмыстары мен малдарды көшіру жұмыстарын пысықтады.

Бұдан бөлек, су тасқыны тәуекелінің алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, ветеринариялық ұйымдардың төтенше жағдайға толық дайындығы баяндалды.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекендер аумағында 32 014 бас ірі қара мал, 196 349 бас ұсақ мал, 2 134 бас түйе және 10 392 бас жылқы бар. Барлық ауылдардағы ауыл шаруашылығы жануарлары су алу қаупі туындаған жағдайда құмдағы 113,5 мың га. жайылымға көшіріледі.

Атап өтейік, мұндай кешенді оқу-жаттығу жұмыстары өңірде алғаш рет өтіп отыр. Облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық және ТЖД бірлесіп жасаған Антикризистік картада болуы ықтимал 200-ден аса төтенше жағдай оқиғасы сипатталған.

Облыс басшысының қатысуымен өткен жедел штабта Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайға дайындықты пысықтап, антикризистік картаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Апат айтып келмейді», дегенмен, біз Арыс, Мақтаарал ауданындағы техногендік, Төлеби ауданындағы табиғи су тасқыны кезіндегі атқарылған жұмыстардан мол тәжірибе жинадық. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін Штаб құрылады. Штаб құрамына кіретін барлық салалық қызметтер «Алтын сағат» ережесіне сәйкес жұмыс жүргізуі қажет. Антикризистік карта шеңберінде төтенше жағдаймен күрес алгоритмі бекітілген. Барлық аудан, қала әкімдері алгоритммен жіті танысып, нұсқаулық арқылы жұмыс істеуі қажет», деген өңір басшысы мұндай кешенді оқу-жаттығу жұмыстарын енді ай сайын өткізуді тапсырды.

Exit mobile version