Адам папиллома вирусын алдын алу маңызды

50
фото almaty-akshamy.kz

Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.

АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

АПВ жұқтырған кезде пайда болатын аурулар:

Жыныс сүйелдерінің пайда болуы;

Тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы;

Ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы.

Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады.

АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді. Көбінесе, аурудың клиникалық белгілері ерте кезеңдерінде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен кейін пайда болады.

Жұғу жолдары.

АПВ тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады.

Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте, АПВ алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған:

Вертикалды жолы – АПВ жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін;

Аутоинокуляция – эпиляция немесе қырыну кезінде өзіне-өзі жұқтыру (дененің бір аймағынан екіншісіне ауысу) мүмкін;

Тұрмыстық байланыс – АПВ қоршаған ортада біраз уақыт өмір сүре береді. Сондықтан оларды қоғамдық орындарға (монша, спорт залы, бассейн, т.б.) барғанда жұқтыру мүмкін;

Байланыс – инфекция терідегі немесе шырышты қабаттардағы жара беті арқылы жұғуы мүмкін (абразиялар, жаралар, көгерулер);

Жыныстық – инфекцияның жұғуының ең көп таралған жолы.

Кез келген адам вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін!

АПВ алдын алу.

  • Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.

  • Тосқауыл контрацепциясын қолдану жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.

  • Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.

Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс!

К.А.Адырбаева

Шымкент қаласы Абай ауданының

СЭББ басшысы