Қауіпті инфекциямен екі ай бойы ауруханада жатқан жүкті әйел жазылып шықты

272

Жүкті кезінде COVID-19 инфекциясына шалдығып, өкпесінің 90 пайызы зақымдалып ауруханаға түскен әйел қауіпті инфекцияны жеңіп шықты. Науқасты емдеу үшін дәрігерлер жиырма күн бойы ЭКМО аппаратын қосып, одан кейін екі ай бойы ауруханада емдеді.

30 жастағы жүкті әйел қалалық жұқпалы аурулар орталығына 2020 жылдың 29 желтоқсанында жеткізілген. Ауруханаға түскен кездегі жағдайы тым ауыр еді дейді дәрігерлер. Оған қоса науқас жүктіліктің 32-аптасында болған. 1 қаңтар күні тыныс алу жетіспеушілігінің І-дәрежесі, интоксикациялық синдромның болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылады. Ал 5 қаңтар күні тыныс алу жетіспеушілігі ІІ,ІІІ-дәрежеге дейін төмендеп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

«Іштегі шаранаға қауіп төнуіне байланысты дәрігерлер 6 қаңтар күні жедел түрде «кесір тілігі» арқылы босандырып алған. Өмірге қыз баласы келді. Шақалақтан ПЦР сараптамасы алынып, теріс нәтиже көрсеткен соң қалалық перинаталдық орталыққа ауыстырылды», — дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Айжан Байсенгирова.
Араға бірнеше күн салып науқастың денсаулығы нашарлап, өкпе зақымдануы 90 пайызға жетуіне байланысты республикалық дәрежеде дәрігерлер консилиумі өткізілді. Нәтижесінде науқасқа ЭКМО аппараты қосылды. Дәрігерлердің айтуынша, ЭКМО аппараты ауыр халдегі науқастарды емдеуде нәтиже болмаған жағдайда қолданылады.
Осылайша жаңа босанған әйелге 20 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді.

Жүрек орталығы дәрігерлерінің айтуынша, ЭКМО аппараты – өкпе қабынып, жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни адамның күре тамырлары арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосылып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажет деңгейде оттегі беріледі. Осы аппаратпен жүргізілген емнің арқасында жаңа босанған әйелдің жағдайы жақсарған. Бұл құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер екі ай бойы үздіксіз ем жүргізді. Осылайша денсаулығы қалыпқа келген келіншек 1 наурыз күні ауруханадан шықты.

Қала тұрғыны өмірін арашалап қалған Шымкент қаласының бас реаниматологі Батыр Шамамутов, қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер, анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгирова, қалалық жүрек орталығының кардиохирургиялық анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменов сынды барша ақ халаттыларға өз алғысын білдірді.