Тамшылатып суару әдісінің арқасында 300-ге жуық отбасы миллионер атанды

159

Тамшылатып суару әдісі арқылы 300-ге жуық түркістандық миллионер атанды. Бұл туралы аймақ басшысы Үкімет отырысында мәлімдеді. Өмірзақ Шөкеевтің мәліметінше, егістікті аталмыш әдіспен суару тіршілік нәрін айтарлықтай үнемдеген. Айта кетейік, бүгін өткен Үкімет отырысында алдағы егін науқанына дайындық мәселесі талқыланды.

Түркістан облысында тамшылатып суару әдісі арқылы 286 отбасы миллионер атанған. Осылай деген аймақ басшысы жағдайды Үкімет отырысында баяндады. Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, үй іргесінде шаруашылықпен айналысу тұрғындардың оң жамбасына тиген. Бұдан бөлек, әкім биыл өңірдегі картоп, көкөніс пен бақша егістігінің 5 мың, майлы дақылдың 9 мың, ал мал азығының 3 мың гектарға артатынын жеткізді.

Аймақ бойынша көктемгі шаруашылыққа 21 мың техника дайын тұр деген облыс басшысы несиелендірудің де басталғанын айтады. Бүгінге дейін шаруаларды қаржыландыруға 7 млрд. теңге қаралған. Ал оның 3 млрд. теңгесі өз иесін тауып үлгеріпті.

Дизель отыны диқандарға нарықтағы бағадан 20 теңгеге төмен беріледі. Осылай деген Энергетика министрі ауылшаруашылығына бөлінетін жанар-жағармай жағдайымен бөлісті. Сөзінше, биыл шаруаларға 380 мың тонна сұйық отын қажет. 1 тоннасы 174 мың теңге тұратын дизель Шымкент пен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарынан алынбақ. Қалған отын Атыраудан жеткізілмек. Айта кетейік, мұнайлы өлкеде дизельдің бір тоннасы 172 мың теңге тұрады.

Айта кетейік, қазір ел бойынша Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында көктемгі егін науқаны басталды. Әуелі 2,4 млрд тұқым егуді көзделіп отыр деген сала жауаптылары 24 млрд теңгеге техника сатып алғандарын айтады. Бұл жұмыстарға биыл бөлінген бюджет 15 пайызға артық.

   Назерке Үкібасова