«Түркістандағы медицина мамандары әлеуметтік көмекке мұқтаж»

151

«Түркістан облысындағы медицина мамандары әлеуметтік көмекке мұқтаж». Ел Премьер-министрі бүгінгі Үімет отырысында осылай деп мәлімдеді.

Асқар Маминнің сөзін еліміздің бас дәрігері де мойындап отыр. Денсаулық сақтау министрінің сөзінше аймақта тәжірибелі мамандар ғана емес, оқуды енді аяқтап келген жас қызметкерлерге де қолдау керек. Ал, Шымкент қаласы медициналық жабдықпен аз қамтылған аймақтар тізіміне енді.

Түркістан облысындағы медицина мамандары әлеуметтік көмекке зәру. Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында айтылды. Премьер-министр Асқар Мамин елдегі қолдауға мұқтаж дәрігерлер қоныстанған аймақтарды жіпке тізді. Оның ішінде Түркістан облысы да бар. Жауаптылар сөзінше мұндағы жас маман ғана емес, тәжірибелі ақ халаттылар да қолдауға мұқтаж. Бұны еліміздің бас дәрігері де мойындап отыр.

Асқар Маминнің айтуынша, жергілікті билік, жас мамандарға баспана мен материалдық қолдау көрсетуі керек. Бұдан бөлек жауаптылар медициналық жабдығы аз аймақтарды да атап өтті.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Қазіргі таңда амбулаториялық емхана объектілері ғимараттарының ең жоғары тозуы мен ең төмен техникалық жарақтандыру Ақмола, СҚО және ШҚО байқалады. Ауылдарда жұмыс істеуге жас медицина мамандарын жаппай тарту оларды ынталандыру, қажет екенін атап өткім келеді. Әсіресе, Түркістан, Ақтөбе облыстарында жас кадрларды материалдық ынталандыру жұмысы жеткіліксіз».

Ел медицинасындағы мәселе мұнымен бітпейді. Бұдан бөлек жауаптылар мықты мамандардың тапшылығы мен қызмет сапасының төмендігін де мойындап отыр. Оған тағы айлықтың аздығы да қосылады. Осылай деген Үкімет басшысы ауыл-аймақтағы медицинаға да ерекше тоқталды.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жаңа учаскелер ашу, жеке секторды дамыту арқылы алғашқы медициналық көмек ұйымдарының дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз етсін. Жас медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылға жұмысқа келген мамандарды материалдық ынталандыру бойынша шаралар қабылдау керек».

Айта кетейік, биыл Қазақстан бойынша 211 медициналық обьект салу көзделген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 197 еді. Оның осы уақытқа дейін 61 пайдалануға берілді. Аталған ғимараттың 15-і Түркістан облысында орналасқан.

    Назерке Үкібасова