Елімізде сәуірдің екінші жартысында жалпы вакцинациялау басталады

89

Қазақстан таяуда әлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа өткен болатын. Яғни, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күн сайын артып келеді.

Мамандар індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы екпе егу екенін алға тартып отыр. Осыған орай елімізде сәуірдің екінші жартысында COVID-19 инфекциясына қарсы жалпы вакцинациялау басталмақ.

Бұл ретте жүкті әйелдер мен жасы 18-ге толмаған жандарға екпе салынбайды. Ал вакцина салдырған адамдар мамандардың қадағалауында болады.

Эпидахуалға байланысты бүгінгі мәліметке сүйенсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары «қызыл» аймақта тұр. Ал Шымкент қаласы мен Ақмола және Қарағанды облыстары «сары» аймаққа енген.
Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 1 921 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал 1 421 науқас COVID-19 індетінен емделіп шыққан.