«Коронавирус кет, кет» деп ән шырқап жүрген Марат Омаровтың өзі тойда ұсталды. Карантинге қарамастан думандатып жүрген әншінің видеосы әлемуеттік желіде таралуда.
Одан бөлек, отбасылық мерекеге әнші Қайрат Түнтеков, спорт жұлдызы Сәбина Алтынбаева жолдасымен келген екен. Ал, коронавирусқа бірінші боп ән арнаған Омаров тойға тек екі минутқа келгенін айтады.
Марат ОМАРОВ, әнші: «Мен бұл тойға бар болғаны екі минутқа келдім. Қызымның ұзатуына ән шырқап, бата беруге бас сұққам. Сөйтсем бәрі сөзге айналдырып жіберіпті. «Коронавирус кет кет» деп ән шырқасам болды тойға бармауым керек пе? Бар болғаны 50 адам жиналған. Мен ұйымдастырған жоқпын. Тек қонақ болдым».
Ал, Шымкенттің санитар дәрігерлері атышулы видеоның Шымкентте түсірілгенін жоққа шығарған жоқ. Сөздерінше той «Караван» мейрамханасында өткен. Жауаптылар сөзінше хаттама толтырылып, полиция департаментіне жіберілген.
Назерке Үкібасова