Қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан аймақаралық қылмыстық топ ұсталды

208

Түркістан облысының полицейлері үш облыстың аумағында қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан аймақаралық қылмыстық топты ұстады

Шымкент қаласында полицейлер ұрланған «Тойота Камри-55» автокөлігін тәркіледі, оны күдіктілер 4 миллион теңгеге сатып үлгерген және ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақты зат ретінде алынды.

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын белгісіз тұлғалардың оның «Тойота Камри-55» маркалы автокөлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі «аса ірі көлемдегі ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеген. Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД-да Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер бірден оқиға орнына келіп, күдіктілерді жедел іздестіруге кірісті.

Тергеу барысы мен автоұрыларды ұстау туралы оқиғаның басы-қасында жүрген ТО ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов толығырақ айтып берді.

«Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер 4 күдіктіні ұстады. Олардың төртеуі Ақтөбе облысының тұрғындары, оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспарланған сызба бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен.

Тергеу бүгінгі күні күдіктілердің автокөлік ұрлығының жалпы 5 дерегіне қатыстылығын анықтады. Олар 5 қылмыстың 2- ін Ақтөбе қаласында, 2- ін Түркістан облысында және 1-ін Қызылорда облысында жасаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.», – деді полиция подполковнигі Қ.Сахов.