Алған біліміңіз туралы құжаттарды тез қалпына келтірудің екі әдісі

142

«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері алған біліміңіз туралы құжат жоғалған жағдайда, оны тез және ауыртпалықсыз қалай қалпына келтіруге болатынын айтып берді.

Өкінішке қарай, құжаттарын жоғалтатындар көп. Дегенмен егер сіз мектеп бітіргеніңіз туралы куәлікті немесе жоғары білім алғаныңыз туралы дипломды жоғалтсаңыз, көңіліңіз түспесін.

Егер бұрын Білім туралы құжаттарды қалпына келтіру үшін Жоғалған дүниелер бюросына бару, газетке хабарландыру беру, жоғалту туралы өтініш жазу қажет болса, қазір тек бір жеке куәлік жеткілікті. Бүгінде құжаттарды тез қалпына келтірудің екі әдісі бар.

Egov.kz порталы арқылы құжаттарды қалпына келтіру үшін:
— ең алдымен порталға кіріп, іздеу жолы арқылы «Білім туралы құжаттардың телнұсқасын алу» қызметті табыңыз
— қызметке онлайн тапсырыс беріп, өзіңіз туралы мәліметтерді, қайта қалпына келтіретін құжаттың түрін таңдайсыз
— оқу орны жайлы мәліметтерді ұсынылған нұсқалардан іздеп «Қосу» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қоясыз
— қызмет нәтижесін жеке кабинетіңізден тексеріп отырыңыз

Есіңізде болсын❗

Бұл қызмет түрін электронды тәсілмен алу үшін сіз міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуіңіз керек. Қызмет көрсету уақыты – 15 жұмыс күні.
ХҚО арқылы құжаттарды қалпына келтіру үшін:
— ХҚО-ға кезекті онлайн брондаңыз. Бронды растау үшін ХҚО-ға 20 минутқа ерте келіңіз
— ХҚО операторы арқылы «Білім туралы құжаттардың телнұсқасын алу» қызметіне өтініш қалдырыңыз
Қажетті құжаттар тізімі: туу туралы куәлік немесе жеке куәлік; өтініш беруші кәмелет жасына толмаған азамат болса, оның ата-анасы немесе заңды өкілінің құжаттары.
Есіңізде болсын❗

ХҚО-ға бармас бұрын, білім беру орнының мекенжайын, дұрыс атауын, оқу орнының атауы өзгерген болса, оның жаңа атауын, пошта индексін біліп алыңыз. Егер білім беру орны жабылып қалса, сұратылған құжаттың телнұсқасы жергілікті мұрағатқа сұрау жіберу арқылы алынады. Қызмет көрсету мерзімі құжат тапсырған күнді есепке алмағанда 30 жұмыс күнін құрайды.

«Дипломын немесе сертификатын жоғалтқан адамдарға енді әр түрлі мелекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Тек Egov.kz порталы арқылы немесе ХҚО-ға бару жеткілікті», – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.