Түркістан қаласының әкімі қаланың дамуы, атқарылған жұмыстар және проблемалық мәселелер қалай шешілетіні туралы мәлімдеді. Есеп беруден кейін Рашид Аюпов жақын арада пайдалануға берілетін нысандарды көрсетті. Әкім тұрғындардың барлық ұсыныстары мен өтініштері егжей-тегжейлі қаралып жатқанын, бұл жұмысты өзі бақылап отырғанын айтты.

Түркістан қаласында басты мәселелердің бірі – қоғамдык көлік. Бұл ретімен шешілуде деуге болады. Бүгінде қалада әртүрлі бағытта 30 автобус қатынайды. Алдағы уақытта тағы 20 қоғамдық көлік әкелінбек. Рухани астанада жолақыны онлайн режимінде 18 түрлі нұсқа бойынша төлеуге болады.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі: «Мынау Өзбекстаннан келген жаңа автобустар. Қазір 30 автобус жүріп жатыр. Жылдың соңына дейін тағы 20 автобус қосатын болады және де өзіміздің жергілікті компаниямыздың алып келіп жатқан Қытайдан автобустары қазір 27, бірақ оны 60-ға жеткіземіз деген жоспарлар бар».

Түркістан еліміздің тек туристік орталығы ғана емес. Сонымен қатар, мұнда газ құбырлары, су жолдары мен жолдарды жөндеу мәселелері де шешілуде.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі: «Түркістан қаласының су жүйесі толық Кентау қаласының су арнасына тәуелді. Өйткені, сол жерден су жиналып, бері қарай Түркістанды қамтиды. Соңғы күндерде авария болуына байланысты судың қысымы төмендеп, кейбір жерлерге су жетпей отыр. Осы мәселені шешу бойынша үлкен жұмыс атқарылды соңғы 2 жылда. Түркістан қаласының шекарасында үлкен екі резервуар салынды, қазір үшіншісі салынып жатыр қаланың ішінде. Яғни, болашақта егер су өшетін болса, Кентау жақта сол резервуардағы су қысымымен тұрғындарға жеткізіп отыруға мүмкіндік береді».

Электр қуаты мен газдандыруға қатысты мәселелер де оңтайланған. Қалада 26 мың абонент көгілдір отын тұтынушысы. Ал шалғай аудандарда электр қуатымен қамтамасыз ету проблемалары бар, бұл жағдай қазіргі таңда шешілуде.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі: «Түркістан қаласында 26 мың тұрғын қазір газ пайдаланып жатыр. Ал біз жобаны әзірлеген кезде өткен жылы 53 мың тұрғынға есептеп жасадық. Яғни, болашақта осы 53 мың абонентке жетемін дегенге дейін бізде газбен ешқандай проблема болмайды».

Қала әкімі тұрғын үй мәселесіне де тоқталып өтті . Жасыратыны жоқ, Түркістандағы жылжымайтын мүлік бағасы бірнеше есе қымбаттап кетті, ал жаңа үйлердің сапасы қандай екені беймәлім. Әрбір кемшілікке мердігер компания жауап береді деп кесіп айтты қала басшысы.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі: «Отырар» мөлтек ауданында кезінде ең арзан үйлер салынды. 2018 жылы басталып, 2020 жылы біткен болатын. Иә, онда расымен үйлердің сапасы мәз емес. Бірақ, мердігерлердің арқасында бұл мәселені шешеміз».

Өз есебінің соңында әкім Илон Маскқа қатысты сұраққа жауап берді. Рашид Аюпов американдық өнертапқышқа Түркістанда Тесла зауытын салуды ұсынған болатын.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі: «Қазақстандықтардың осы технологияның маманы болғанын қалар едім. Бізде өкінішке орай, ондай база жоқ. Менің айтпағым, Қазақстан жайлы Илон Масктің ешқандай күмәні болмасын. Бізде бұл тұрғыда бәсекелес жеткілікті. Көп инвесторлар Өзбекстанға кетіп жатыр, мен бұл зауыттың Түркістанда немесе Қазақстанның кез келген нүктесінен ашылса қатты қуанар едім».

Баспасөз мәслихатынан кейін Түркістан қаласының әкімі журналистерге тур өткізіп, шаһардағы дайын және салынып жатқан нысандарды көрсетті.