Бүгін – 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қала жұртшылығы Қасірет мемориалына барды. Қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Қазір елімізде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды анықтау ісі жалғасып жатыр. 2017 жылы Шымкентте олардың саны 4000 мың болса, биыл 7000-нан асыпты.
Қайрат Бураханов ата-баба әруағына тағзым етіп, құран бағыштауға келгендердің бірі. Айтуынша, оның әулетінен 8 бірдей адам қуғын-сүргін құрбаны болған. 1932 жылы Шымкент түрмесінде екі атасы аштықтан көз жұмса, 1937 жылы ағайынды аталары ату жазасына кесілген. Бәрі де көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары білімді адамдар болыпты. Өзін кісендеп әкетіп бара жатқанда да қарындастарының қамын ойлаған.
Қайрат Бураханов, тұрғын: «Соның ішінде Сейітбек. Осы қалалық атқару комитетінің басшысы болған. 37 жылы оған Ленин орденін берген де Алматыға шақыртқан. Сонда ол айтқан екен қарындастарына Хадиша, Бибіғайша деген «Басқа вагонға мініңдер, мен ана жақта түскен кезде егер маған кісен салса, қайтыңдар да көшіңдер деген ғой. Әне, сондай білген. Сөйтіп кісен салып сол жақты атылды ғой».
Рабиға Қалиева да жазықсыз құрбан болған атасынның рухына құран бағыштау үшін бауырларын ертіп келіпті. Атасы Мырзабек Ембердиев 1937 жылы 36-ға толған шағында көз жұмған. Артында жалғыз ұлы мен екі қызы қалған. Қалай, не себепті қаза болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен, немерелері атамыз өте сауатты әрі білімді азамат болған екен деп еске алады.
Рабиға Қалиева, тұрғын: «Мырзабек Ембердиев, менің атам болған. Мына Емберді бабаларымыздан 1 бала 2 қызы бар екен. Сол баланың қызымын мен. Жүрген жері гүл еді, жазушылықтан атам да, әкем де сондай екен. Әлі күнге дейін халықтар айтады. Көз көргендер бар ғой».
Айта кетейік, Шымкент қаласынан 7277 азамат қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның ішінде 2050-і ату жазасына кесілген. Бүгін олардың ұрпақтары, тарихшылар және қала мәслихатының депутаттары «Қасірет» мемориалына келіп, гүл шоқтарын қойды. Ата-баба әруағына тағзым етіп, құран бағыштады.
Мөлдір Ибадуллаева