Құрметті шымкенттіктер! Қадірлі қала қонақтары!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл мереке — көпұлтты мемлекетімізді мекендеген біртұтас халықтың ынтымағы мен бірлігінің, татулығы мен тұрақтылығының тұғырын танытатын мерейлі мейрам. Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы жылдарда Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие, экономикасы қуатты, қоғамы тұрақты, халқының бірлігі жарасқан еңселі әрі өркениетті елге айналды.
Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында татулық пен ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп келеді. Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан өз халқының этникалық және діни әралуандығын проблемаға емес, керісінше, үлкен артықшылыққа айналдыра білді. Мұны бүкіл әлем елдері өздеріне үлгі тұтып отыр.

Ендігі міндет — барды бағалау, бірлікті сақтау жолында аянбай еңбек ету. Бұл — әр қазақстандықтың қастерлі борышы.

«Бірлік болмай – тірлік болмас» деген сөз текке айтылмаса керек. Қазіргі қиын кезеңде біз халқымыздың тас-түйін бірлігіне қай кездегіден де көбірек мұқтажбыз.
Өйткені, әлемді әбігерге салған пандемиядан тезірек шығу үшін жұдырықтай жұмылып бірлесе әрекет етуміз керек. Еліміздегі бірлік пен береке, ұйысқан ынтымақ пен халқымыздың қанына біткен сабырлылық қасиеті біздің қатерлі індетті жеңу жолында сенімді қадамдар жасауымызға мүмкіндік беріп отыр.

Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, індеттің таралуына тосқауыл қою жолында аянбай еңбек еткен барша шымкенттіктерге алғыс айтамын. Достық пен туыстықтың туын бірлесе көтерген елдің қандай қиындықты да еңсеретініне, болашағымыздың жарқын екендігіне сенімдіміз.

Құрметті жерлестер!
Бірлік мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Бейбіт өмірдің берекесі мен халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі