Шымкенттегі тамақтану индустриясы және сервис колледжінің өндірістік шеберлері мен студенттері Алматы қаласында өткен «Деларук» 10-шы мерейтойлық фестиваліне қатысып, жүлдемен оралды.

Жас аспазшылар мен кондитерлер әзірлеген тағамдар мен тәттілер қазылар алқасын тамсандырып, 7 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль білім ордасының қоржынын толықтырды.

Шымкенттік Жанель Сейітбек 28-30 сәуір аралығында Алматы қаласында өткен «Деларук» 10-шы мерейтойлық фестивалі және «Жас ас үйі» 2-ші халықаралық фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. «Байқаудан алған әсерім, тәжірибем керемет тәттілер дайындауға жігерлендірді»,- дейді болашақ кондитер.

«Фестивальге қатысқаныма қуаныштымын. 1-ші  орынды командамен  десерт жасағынымыз үшін иелендік. 3-ші орынды  торт үшін жеңіп алдық. Жоғарғы жағында  шоколадтан жасалған бүркіті бар үш қабаттан тұратын бисквитті тортымызды Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығына арнадық».

Дәстүрлі фетивальге колледждің 7 студенті мен екі өндірістік оқыту шебері қатысты. Карамельден әзірлеген композициясы үшін Дильбар Реджаметова алтын медальмен марапатталды.«Бұл ЭКСПО, Абайдың 175 жылдығы жұмыстары  халқымыздың жеткен жетістіктерін паш етеді».-дейді өндірістік оқыту шебері Дильбар Реджаметова.

Өндірістік оқыту шебері Айдана Турлиеваның дәнді дақылдардан ұлттық нақышта жасаған «Қыз ұзату» композициясы 1-орынды жеңіп алды. Дәстүрге айналған «Делорук» фестивалінің 2021 жылғы жеңімпаздарының арасында жас аспазшылар да бар. Жерлестеріміз байқауда жылқы етінен стейк әзірлеп, жүлделі орынға ие болды.

Жамила Минтаева, тамақтану индустриясы және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері: «Байқауда 7 алтын, 4 қола, 1 күміс медальдерін жеңіп алдық. Барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Қазылар алқасы біздің тәтілерден дәм татып, жоғары баға берді».

Тамақтану индустриясы және сервис колледжінің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие. Өйткені оқу ордасы кадрлар дайындауға аса көңіл бөледі. Теорияны практикамен ұштастырып, студенттерге таңдаған кәсібі бойынша білікті маман иесі болуына мұнда барлық жағдай жасалған.

KZ № 961LAA00023014 Лицензиясы 16.02.2009 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігімен берілген