Шымкенттік жас өнерпаздар Түркияны тәнті етті

89

Түркия елінде қазақтың ұлттық өнерін насихаттаған шымкенттік оқушылар елге жүлдемен оралды. Әлем жұртшылығын өз өнерімен тәнті еткен өнерпаздар қаламыздағы «Қарақат» мектеп студясының шәкірттері екен.

Бұл, Түркияда, Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың «Сегіз аяқ» әнін шырқап, әлем жұртшылығын тәнті еткен – Елемес Рахат. Ол не бәрі 13 жасында Стамбул қаласында алғаш рет өткізілген «Istambul autumn» ұлтаралық фестивалінің жеңімпазы атанды. «Қарақат» мектеп студиясының шәкірті, шетелде ұлттық ән шырқау, үлкен армандарының бірі болғанын айтады.

Рахат Елемес, «Қарақат» мектеп студиясының шәкірті: «Шетелде өнер көрсетуді армандадым. Әрине мұның бәрі еңбекпен келеді. Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», Абайдың «Сегіз аяқ» әнін айттым».

Стамбулда өткен сайыста, біздің елімізден бөлек, Болгария, Қырғызстан және Түркияның жергілікті өнерлі жастары  түрлі бағытта бақ сынаған көрінеді. Солардың ішінде, қазақтың ұлттық аспабы домбырамен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап, бас жүлдеге ие болған Қанат Қадырбата. Биыл 13 жасқа толған ол, » алдынды күй шертіп, бас жүлдені иелену оңай болмады, – дейді.

Қанат Қадырбата, «Қарақат» мектеп студиясының шәкірті: «Қаншама халықтың алдында өнер көрсету оңай емес, мен өте қуаныштымын».

Аталған ұлтаралық сайыста, қаламыздағы «Қарақат» мектебінің 16 шәкірті түрлі бағытта өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болыпты. Оның ішінде, дәстүрлі ән, вокал, би өнері, фортепианода ойнау бар. Өнерлі жастарды дайындап отырған мектеп қызметкерлері шәкірттерінен үлкен үміт күтетінін айтады.

Өнерлілер додасында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға өзге мемлекеттерде бақ сынауға тегін жолдамалар табысталыпты. Соның ішінде, біздің еліміздің атын шығарып, ұлттық өнерімізді биіктен көрсете білген жас дарындар Италия және Болгария елдерінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болыпты. Маманның айтуынша, өнерлі жастарды қолдау мақсатында, бұл сайыс, алдағы уақытта да жалғасын табатын көрінеді.

Аида Қарсыбайқызы