«Ерлік елге мұра, ұрпаққа-ұран». Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Сайрам тұрғын алабында Кеңес Одағының батыры және Болгария халық қаһарманы Зиямат Хусановтың 100 жылдығына орай Ұлы Отан Соғысы ардагерлерін еске алуға арналған іс-шаралар өтті.

Кеңес Одағының батыры Зиямат Хусановтың 100 жылдығына орай Nur Otan партиясы Қаратау аудандық филиалына қарасты «Исфиджап» бастауыш партия ұйымы мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Жиын Зиямат Хусанов ұстаздық еткен №110 мектепте өтті.

Тұрдымет ӘДІЛМЕТОВ, батырдың туысы: «Зиямат ата керемет  кісі еді. Мейірлі , соғыстан кейін оқытушы болып жұмыс істеді,  әрбір баламен тіл табысатын. Зейнеткерлікке шыққанда да қоғамдық жұмысқа араласты. Су тартқызып, зираттарды тазалап, тротуар жасауға ат салысты. Халыққа қызмет етті».

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Кеңес Одағының батыры және Болгария халық қаһарманы Зиямат Хусановтың құрметіне мектепте музей ашылды. Әрбір жәдігер Сайрам тұрғын алабынан майданға аттанып, қан майданда ерлік көрсеткен жауынгердің өмір жолынан сыр шертеді.

«Шараның мақсаты жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Батыр аталарының өмірлік жолы оларға үлгі болатынын ұғындыру. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бүгін спорттық жарыстар да ұйымдастырылды»-дейді Nur Otan партиясының «Исфиджап» бастауыш партия ұйымының төрағасы Тахирбек НЫШАНБАЕВ.

Мерекелік жиында ауыл ақсақалдары шахмат ойнап, шеберлік сынаса, жастар аймақтық волейболдан сайысқа түсті. Ленин орденінің иегері, Кеңес Одағының батыры Зиямат Хусановтың құрметіне арналған спорт жарысында жеңіске жеткен жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.

Шынар Оразова