Оңтүстіктегі туризмнің тұралауына басқарма басшылығы аудан әкімдерін кінәлады

669

Өңіріміздегі тарихи маңызы зор ескерткіштер мемлекеттік тексеру-сынақтан өтпей жатыр. Тас мүсіндердің талапқа сай келмей, туризмнің тұралауына жергілікті аудан әкімдіктерінің заңға қайшы қадамдары себеп. Мәселені облыстық мәдениет басқармасының басшылығы «Мирас» қоғамдық келісімінің кезекті отырысында мәлімдеді.

Төрткүл дүние төл тарихты бойына бұққан өңір – Оңтүстікпен танысуға құлық танытқанымен, әзірге күнгейліктердің меймандарға көрсеткен қонақжайлылық қасиеті көңіл көншітпей тұр. Осылай деп мәселені көтерген кеңес қатысушылары алдымен өңіріміздегі туризмнің тұралауына басты себеп- кедергілерді тізбектеп шықты.

Қалима Жантөреева
Қалима Жантөреева

Қалима Жантөреева, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының орынбасары: «Арнайы жасақталған турлардың аздығы, оның бағасының сәйкессіздігі мен туристік обьектілерге жетудің қиындығы және демалатын жерлердегі сервистік жағдайлардың өте төмен жағдайда болуы, сапасының төмендігі, туризм саласындағы кадрлардың мардымсыздығы – бәрі де Оңтүстіктегі туризмнің дамуына кедергісін келтіріп жатқаны рас, дамудың орнына төмендеп барады».

Жиында белсенді топ сапаның сын көтермеуіне жергілікті билік өкілдерінің салаға салғырт қарауы себеп десті. Аудан басшылығының «бастамасымен» салынатын тасмүсіндер мемлекеттік талапқай сай келмей, арнайы тексеру-сынақтан өтпей жатыр екен. Соның салдарынан қазір шетелдік туристер көз тіккен тарихи құндылықтар да қоршауға алынып, қорғалмаған. Керісінше, құлдырап жатыр. Вандализмнің құрбанына айналғандары қаншама. Мәселені мәлімдеген мәдениет басқармасының басшылығы өңірдегі тарихи ескерткіштердің саны мен сапасын есіне түсірмекші-ақ болды.

Асылхан Темірхан,
Асылхан Темірхан,

Асылхан Темірхан, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары: «Биылдың өзінде, яғни осы 7 айдың ішінде қанша ескерткіш ашылғанын білмейді екенмін. Алатау ата деген, биыл ма, өткен жылы ма анығын білмеймін, сол салынды ғой. Ең көне ескерткішті де білмейді екенмін, ол жағын зерттеген жоқпын. Көнесін, жаңасы қайсы екенінен де бейхабармын. Бізде толық мәліметте 136 ескерткіш делінген, осы ескеткіштерді орнатуда проблемалар туындаған облысымызда. Мемлекеттік комиссиядан өтпеген, бірақ 2001 жылдан бергі ескерткіштердің бәрінің құжаттары бар. Ал мемлекеттік комиссиядан өтпеуі – талапқа сай келмеуіне жергілікті атқарушы органдардың соны орнатқан кезде заңды қадағаламау- бақыламауы себебінен. Яғни, жергілікті органдар  дегеніміз – аудан әкімдіктері. Шымкент қаласы мен Сайрам, Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек аудандарының әкімдері соны кезінде қадағалауы қажет еді».

Енді өлкедегі мәдени-мұра мәселесін мәдениет және спорт министрлігі бақылауына алыпты. Алдағы күндері заңға қайшы қадамға барған жергілікті жауаптыларға шара көрілуі мүмкін. Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейдегі ескерткіштердің саны 1281-ге жетті, бірақ оның 1146-сында әлі ресми құжат жоқ. 11-і ғана мемлекеттік комиссиядан өткен.