Арыста «Қазақ еліне мың алғыс» мемориалды тақта орнатылды

65

 «Қазақ еліне мың алғыс!». Кеше Арыс қаласында осындай атаумен темір жол вокзалында тақтайшаның ашылу салтанаты өтті.

Бұл естелік тақтайша осыдан 2 жыл бұрын орын алған жарылыстың зардабын жоюға атсалысқан барша азаматтар мен қазақстандықтарға алғыс ретінде орнатылып отыр. Онда еліміздегі барлық өңірлер мен 3 мегаполис қалалары жасаған қайырымдылық жұмыстарының суреттері бар. Жоба авторлары арыстық мүсінші Мүтәліп Күздеубаев, ал мәтін авторы Мыңжасар Дәрменов.

Іс-шара барысында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қолдау білдірген барша халыққа алғысын білдірді. Сонымен қатар, аталмыш тақтайшаның темір жол вокзалында орналасуын жайдан-жәй емес дейді қала басшысы.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: «Енді Арыс қаласында мұндай жағдай болмасын. Арыс қаласының тек өркендеуіне, дамуына куә болайық. Бұл жерде өздеріңізге белгілі Арыс қаласы тоғыз жолдың торабы жалғасқан жер. Сондықтан келген барлық халық, шетелден келген адамдар осы темір жол торабынан өтеді. Сол үшін барлығы өткен кезде осы алғысты көрсін деген мақсатпен осында қойдық».

Камила Есенғали