Бір сексеуіл 4 тонна құмды ұстайды

204

Қазақ даласының символы саналатын сексеуіл сиреп барады. Мамандар осылай дабыл қағуда. Себебі, елдегі орман қорының тең жартысын құрайтын ағашқа көз тіккендер азаяр емес. Бұл жолы табиғат жанашырлары қоғамға өзгеше үн тастады.

Шөлейтте құм көшкінін кісендеп, дала топырағын эрозиядан сақтайтын сексеуіл ерекше қорғауды қажет етеді. Мемлекет қорғауындағы ағашты заңсыз кесіп, отынға пайдалану – сексеуілге жойылып кету қаупін төндіріп тұр. Бұл жағдай Түркістан облысына да тән. Өнер иелері осыны айтып, дабыл қағып жатыр. Күні кеше Түркістан қаласында «4 тонна құм» атты арт-объект ашылды.

Ярослав Антонюк, ArtIdea бас директоры: «Бұл жоба арқылы біз қоғамды, қазақстандықтарды және бүкіл әлем тұрғындарын жаһандық өзекті мәселеге назар аудартқымыз келді. Құмның көшуі – экологияға алапат кері әсерін тигізеді. Бұл проблема Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде боп жатыр. Сексеуіл – табиғаты өте ерекше ағаш. Оны қорғау, көбейту — осы мәселенің алдын алар бірден бір шара. Құм көшуі өте қауіпті проблема. Нысан арқылы қоғам назарын осы мәселеге аударғымыз келеді. Әсіресе құмды аймақ тұрғындарына қиын. Құмның олардың денсаулығына, табиғатқа келтірер залалы ұшан теңіз».

Сексеуіл – құмды шөлдің қорғаны. Арт-объектке 4 тонна құм төгілген. Мұның да мәні бар. Арт-қондырғы — құммен жабылған үйді бейнелейді. Ал үйшік – сексеуілді кесу салдарынан ауылдарға жақындаған құм қаупін көрсетеді. Құм көшуін тоқтатпаса, шөлейт аймақ тұрғындарына да, экологияға да алапат қатер туады екен.

Талғат Кертешев, БҰҰ даму бағдарламасының биоалуантүрлілік жөніндегі жобалар менеджері: «Ағашты кесеміз, малды шектен тыс көп жаямыз сол жерде, ол жер тозаңданады да, құм көше бастайды. Құмдар көшеді да ол ауылды басады. Экологиялық жаман жағдайға әкеп соқтырады. Сол себепті мына 1 сексеуіл ғалымдардың зерттеуінше 5-6 жастағы сексеуіл шамамаен 4 тонна құмды ұстап тұра алады. Сексеуілді қорғау мәселесі қазіргі таңда өте маңызды».

Қазақстан жері – сексеуіл өсу аймағы бойынша әлемде бірінші орын алады екен. Аумағы шамамен 6,7 млн гектарда сексеуіл өседі. Бұл республика экожүйесін сақтайды. Сексеуіл ормандарын жоғалту қайтымсыз салдарға алып келеді. Ең басты қауіп – жердің құнарсызданып, шөлейттенуі. Ал арт-объект сексеуілді заңсыз кесуден қорғап қана қоймай, оны сақтаудың маңыздылығынан хабардар етеді.

Ақмарал Айтбаева