Биыл Түркістан облысында 32 мың ағаш егіледі

22

Күнгей өңірде биыл 32 мың көшет отырғызу жоспарланған. Бұл ел президентінің орман қорын кеңейту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Қазір 8 аудан мен қалада ағаш егу жоспары бекітілді. Осыған орай облыс басшысы мамандарға тапсырма берді.

Түркістан облысында 110 мың гектар орман қорын қалыптастыру көзделген. Ол үшін 170 млн. көшет егу жоспарда бар. Осы мақсатта былтыр 16 200 гектарға 23 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Ал биыл 32 мыңнан аса көшет егу жұмысы жүріп жатыр.

Қайрат Абдуалиев, ТО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда 80-90 пайыз сексеуіл егеліп жатыр. Қазір мамандар көшет теріп жатыр. Оның ішінде Жамбыл, Қызылорда облысының шекарасынан алып келіп жатқандары да бар. 2022-2025 жылдарға жоспар жасалды. Барлық күтіп баптау жұмысы аудандық, қалалық әкімдікке бекітілген. 798 гектарды құрайтын 802 елді мекеннің 90 пайызын қамтамасыз ету жоспарланған»

Қазір Түркістан, Арыс қаласы мен Түлкібас, Отырар, Бәйдібек, Шардара, Созақ, Сайрам ауданда ағаш егу жоспары бекітілген. Ал қалған аймақтар жұмысты кешеуілдетіп отыр. Сондықтан өңір басшысы жауапты мамандарға жұмыс барысын қатаң қадағалауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды жандандырып, жол бойындағы үйлердің және қоршауларын ретке келтіру қажет. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасына сын айтылып жатыр. Жауапты басқарма осыны қадағалап, тікелей жұмыс істеуі тиіс. Тұқымбақтарды реттеп, жаңаша бағытта дамытқан жөн. Түркістанның айналасында өспей қалған ағаштар бар. Соны қайта егіңіздер».

Еске салайық, биыл 8 аудан кәсіпкерлері жібек өндіруге қызығушылық танытып жатыр. Сондықтан 2024 жылдың көктеміне дейін 100 гектар алқапқа 60 мың тұт егу жоспарда бар.