Бокстан Азия чемпионы атанған Фариза Шолтай Шымкентке оралды. Былғары қолғап шеберін әуежайдан жаттықтырушылары мен жанкүйерлері күтіп алды. Ол сары құрлықтағы сайыста қарсылас шақ келтірмеді. Еске салайық, Дубайда өткен бәсекеде қыздарымыз 8 алтын еншілеп, тарихи жеңіске жетті.
Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан туын желбіретіп, әнұранымызды 8 рет ойнатқан аруларымыз туған жерге оралды. Солардың бірі – Шымкент атынан шығып жүрген Фариза Шолтай. 81 келіде рингке көтерілген боксшымыз 4 кездесу өткізді. Ақтық кездесуде өзбекстандық боксшымен жұдырықтасты. Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген ару көршілес елдің спортшысын 5:0 есебімен жеңген.
Бапкерлері Фаризаның тарихи жеңісіне тәнті болғанын айтады. 10 салмақта 8 алтын еншілеу – өте жоғары нәтиже екен. Айта кетейік, өткен аптада Біріккен Араб Әмірлігінде бокстан Азия чемионаты басталды. Әуелі аруларымыз рингке шығып, ел намысын қорғады. 9 қызымыздың 8-і чемпион атанды.
Енді боксшы қыздарымыз әлем чемпионатына дайындалады. Дүбірлі дода жыл соңында өтеді деп жоспарланып отыр.
Назерке Үкібасова