«Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында бүгін «НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалында әлеуметтік сала мамандары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдады. Көшбасшы партиядан қолдау сұрап келгендердің басым бөлігі баспана және әлеуметтік мәселені көтерді.
Жеке баспанасы жоқ Ұлболсын Төрегелдиева әзірге Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Денсаулығына байланысты дәрігерлерге көп жүгінемін деген ол «Нұр Отан» партиясы филиалында өткен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен қоғамдық қабылдауда инватакси қызметін сұрап келіпті.
Ал қарабастаулық Күнсұлу Сүйеубаева бірнеше мәселені көтерді. Баспана кезегінің тым баяу жылжып жатқанын атап өткен тұрғын 2016 жылдан бері кезектің 5 мыңға жылжығанын айтады. Қабылдауға келген әйел азаматының 7 жасар баласы туылғаннан мүгедек. Отбасының тапқан табысының басым бөлігі баласының ем-домына жұмсалады екен.
Күнсұлу Сүйеубаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Оңалту орталығына немесе санаторияға жолдама бар ма? Жақсы болатын еді. Сосын басын да түсіру керек еді. Қоянжырық дейді соған дефектолог қажет».
Қоғамдық қабылдауға арнайы қатысқан Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі мүгедек баланың құжаттарының көшірмесін алып тиісті ем-дом алуына қолдау көрсететінін жеткізді.
Ал Нигара Ахмедова өзіне және екі баласына құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсетуді өтінуде. Арызданғандардың өтрініштерін мұқият тыңдаған нұротандықтар олардың көтерген мәселелерімен тиісті сала мамандары айналысатынын, бірде бір шағым назардан тыс қалмай, қадағалауда болатынын алға тартты.
Шынар Оразова