Кореядан көлік әкелген тиімді ме?

201
фото kolesa.kz

Ресми емес сатушылардан қандай Hyundai және Kia алатынын білейік.

Hyundai мен Kia-ның ресми орталықтары Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істейді, әрі екі брендтің модельдері біздің елде құрастырыла бастағанына да бірнеше жыл болды. Ал Hyundai жақында Алматыдағы зауытта Accent шығара бастады, деп хыбырлайды Kolesa.kz.

Ел аумағынан «Қазақстанда жүрмеген» немесе «Кореядан келген» деп саудаланып жатқан Hyundai мен Kia өнімдерін кездестіруге болады. Олардың отанынан «сұр импорт» арқылы әкелінетіні жасырын емес. Кедендік салық, утилизациялық алым және алғашқы тіркеу үшін қомақты ақша төлеу керек болса да, мұндай көліктер көбейіп келеді. Оңтүстік Кореяда көлік шынымен соншалық арзан ба?

Жаңа машиналар

Автосалондардағы ресми баға тізімінен жаңа техниканың қағаз жүзінде қолжетімді екені байқалады. Мысалы, Қазақстанда Hyundai Elantra седанын 8.2 млн теңгеге аласыз. Кореяда ол Avante деп аталады. 1.6 литрлік бензинді мотор қойылған, механикалық қорабы бар ең арзан нұсқасы 16 миллион вона (шамамен 6.1 млн теңге) тұрады.

Оның үтсіне қарапайым Avante Elantra-дан әлдеқайда жақсы жабдықталған. Үздік нұсқадағы көліктің бағасы да тиімді көрінеді. Мұндай машина үшін Кореяда 25 миллион вона (9.6 млн теңге) сұрайды. Ал бізде 2.0 литрлік моторы бар Luxe комплектациясындағы седанның бағасы — 12 млн. теңге.

Бірақ Avante Қазақстанға келген кезде кедендік рәсімдеуден өтуі керек. 2021 жылы седанға төленетін кедендік салық — 15 %. Сондай-ақ жеткізіп беру ақысын (1.7 мың долларға жуық), 12 % қосымша құн салығын, 350 АЕК утилизациялық алым төлеп, ЭВАК орнату үшін тағы біраз шығындаласыз.

Осы шығындардың бәрін қосқанда базалық Hyundai Avante-нің (механикалық қораппен) Қазақстандағы бағасы шамамен 10.1 млн. теңге болады. Бұл сомаға біздің елде құрастырылған, 1.6 литрлік моторы бар Elegance нұсқасындағы (автомат) Elantra аласыз. Демек мұндай машинаны Кореядан әкелу тиімсіз.

Үш жылға дейінгі машиналар

Kolesa.kz сайтынан Оңтүстік Кореядан әкелінген машиналарды іздесеңіз, олардың шыққанына үш жыл толмағанын байқайсыз, бұл біздің елдегі кореялық көліктерді байланыстыратын ортақ ерекшелік. Мұның қисынды себебі бар: Қазақстанда екі жылға дейінгі автокөліктер жаңа болып саналады, сондықтан бастапқы тіркеу ақысы бар болғаны 0.25 АЕК. Сәл ескі модель үшін 50 АЕК төлеуге тура келеді, ал шыққанына үш жылдан асқан көлікті тіркеу құны — 500 АЕК.

Есіңізде болсын: Оңтүстік Кореядан жеткізілген автомобильді сатып аларда мұқият тексерген жөн. Көптеген сатушылар шетелден сынған машиналарды әкеліп, жөндетеді де «соғылмаған, боялмаған, Қазақстанда жүрмеген» деп сатады. Одометрдегі көрсеткіш те шынайы болмауы мүмкін.

Егер тек баға тұрғысынан қарасақ, Қазақстанда ресми сатылатын жүрілген модельдерді елге әкелу тиімсіз екеніне көз жеткіземіз. Мысалға Kia K5-ті алайық. Қазақстанда ол бұрын Optima деп аталған. Кореядан келген көліктердің бағасы 7.5-11.8 миллион теңге аралығында болса, Қазақстанда құрастырылған седандар 7.5-11.7 миллион теңгеден саудалануда.

Жүрген жолдары да шамалас: 20-60 мың шақырым (2018-2019 жж. шығарылған). Дегенмен елден ерек көлікті де кездестіру қиын емес. Таң самалы елінен келген 2019 жылғы K5-тің бірі 130 000 шақырым жол жүріпті. Ол біздің елге тікелей таксопарктен келген сияқты.