Коронавирустан өкпесінің 98 пайызы зақымдалған жүкті әйел дүниеге сау бала әкелді

230

Шымкентте коронавирустан өкпесінің 98 пайызы зақымдалған жүкті әйел дүниеге сау бала әкеліп, бүгін ауруханадан сауығып шықты. 38 жастағы Жадыра Баймаханова індеттен жазылуыма барлық емдомды жасаған, баламды аман алып қалған ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз дейді.

Жадыра Баймаханова, Игілік ауылының тұрғыны: «52 күн ауруханада емделдім. Бүгін міне сауығып шықтым, балаларыммен қауышамын. Дәрігерлердің барлығына рахмет, анестизиолог-реаниматолог Айжан Байсенгіроваға, акушер-гинеколог Анар Махашова мен  қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменовқа, Шымкент қаласының бас реаниматологы Батыр Шамамутовқа барлығына алғысым шексіз. Бүгін сәбиімізді қырықынан шығарамыз. Алдымен Алла Тағалаға, сосын мына дәрігерлерге алғысымды білдіремін».

Туылған нәрестені Үмітжан деп атапты, ол Баймахановтар отбасындағы 5-ші бала. Дәрігерлердің айтуынша 38 жастағы жүкті әйел қалалық жұқпалы аурулар орталығына 20-шы сәуір күні жеткізілген. Арада төрт күн өтіп жүкті әйелдің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған, бір жетіде ішіндегі баласының жағдайы ауыр болуына байланысты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері шұғыл түрде «кесір тілігі» арқылы әйелді босандырып алған. Отадан кейін жаңа туған шақалақты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері жылжымалы қондырғының көмегімен перзентханаға жеткізіп қамқорлықтарына алды.
Айжан Бейсенгірова, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығының анестезиолог-реаниматологы: «Науқастың  денсаулығы нашарлап, өкпе зақымдануы 98 пайызға жетуіне байланысты республикалық дәрежеде дәрігерлер консилиумі өткізілді. Нәтижесінде науқасқа ЭКМО аппараты қосылды. Дәрігерлердің айтуынша, ЭКМО аппараты ауыр халдегі науқастарды емдеуде нәтиже болмаған жағдайда қолданылады. Осылайша жаңа босанған әйелге 14 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді. ЭКМО аппаратында жұмыс істеу үшін инфекционистерге жүрек орталығынан білікті дәрігерлер командасы келіп көмектесті».

Айта кететін жәйт, науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер екі айға жуық үздіксіз ем жүргізді. «Жадырамыздың өмірін арашалап қалған, бізге Үмітті сыйлаған дәрігерлерге өмір бойы қарыздармыз»,- дейді Баймахановтар әулеті.

Шынар Оразова