Жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясын Жадыра Таңатарова ешқашан ұмытпасы анық.
Бұған дейін Nur Otan партиясының резерв тізімінде болған Таңатарова бүгін мәслихат депутаты атанды. Ол депутаттық мандатының мерзімінен бұрын тоқтатуға өтініш берген Ермаханбет Қуатбаевтың орнын басты. Сәйкесінше, тұрақты комиссия мүшелерін сайлау шешіміне де өзгерістер енгізілді.
«Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік мәні бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» шешім өзгеріп, шалғайдағы елдімекендерге қатынайтын әлеуметтік бағыттар қатары толықты.
Ержан Жолдасов, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бастапқыда әлеуметтік бағыттар 36 болса, бүгін 21 мақұлданып 57 — ге жетті. Енді қалаға облыстан қосылған ауылдарға баратын автобустардың интервалы азаяды. Және таңертең де, кешке де жүреді дотацияда болады».
19 маусым – қала күні. Былтыр карантинге байланысты тойланбаған мереке биыл тойлана ма? Қала әкімдігінің хабарлағанындай, эпидаухал тұрақталса, қала күні тойланады екен. Айтпақшы, қаланың «Құрметті азаматы» атағын алғандар да мәлім болды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Былтыр коронавирустың салдарынан Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағы берілмеді. Биыл 20 азаматты түрлі мекеме ұйымдардан ұсынып, награда комиссиясы жан жақты талқылап ұсынды. Өздеріңіз қолдадыңыздар, түрлі салада еңбек еткен азаматтар құрметке лайық».
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің де құрамы жаңарды. 28 сәуір – 11 мамыр аралығында өткізілген конкурсқа 24 азамат өтініш беріпті. Олардың арасынан 7 кандидат іріктелген.
Ұлықпан Бәшенов, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Олар Әшетаев Рүстем, Бауыржан Әлтаев, Әмірбек Ерсұлтан, Аманжол Дәрменов, Әбілқасым Досболов, Саттар Қуашбаев, Асқар Молдабеков».
Сессияда қала әкімдігінің Үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес дербес құрамы да бекітілді.
Шынар Оразова