Сәбіз бен картоптың бағасы қашан тұрақталады?

507

Нарықтағы картоп пен сәбіздің құны алдағы 10 күнде тұрақталады. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді.

Айтуынша, жақын арада сауда орындарына келетін аталмыш өнімдер бағаның қайтадан қалыпқа келуіне ықпалын тигізеді. Бұған дейін, бағаның шарықтауына Өзбекстаннан келетін картоп пен сәбізді Ресей ерте әрі қымбаттырақ сатып алуы себеп болыпты.

Картоп пен сәбіздің құны аспандап тұрғанына біршама уақыт болды. Бірақ, сала мамандары бұл мәселе алдағы 10 күнде өз шешімін табады деп отыр. Айтуларынша, биыл жауын-шашын көлемі аз болған. Сонымен қоса, Өзбекстаннан келетін картоп пен сәбіз өнімінің 90 пайызын Ресей Федерациясы сатып алған. Ал Сарыағаш пен Қарабұлақ жақтан келетін өнімдер бағаның қайтадан тұрақталуына әкеледі деп сендірді басқарма басшысы.

Асқар Қаныбеков, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Біздің картоп 30 маусымда шығады. Мысалы, Шымкенттің өзінде 30 мауысмда шығады. Бізде 3000 гектар жерде картоп егілген. Бірақ біздің картоп сәл кешірек шығады. Ал Өзбекстан, Сарыағаштың картоптары 1-10 маусымда шығады».

Базарда картоптың бағасы расымен де арзандаған. Бұған дейін бір келісі 350 теңгеге бір-ақ көтерілген өнім қазір 270 теңгеден саудалануда. Ал сәбіздің бағасы сол баяғы 500-600 теңге болып тұр. Саудагерлер мұны биыл егін науқанының аз болуымен байланыстырып отыр.

Сабыржан Бектаев, саудагер: «Қазіргі таңда картопты Сарыағаш пен Қарабұлақтан әкеп жатыр. Өзіміздің жергілікті өнім шығып жатыр. Өткендегіден қарағанда қазір түсті бағасы. 270 теңгеден сатып жатырмыз, алдын 350-ден сатқанбыз, 300-ден сатқанбыз.  Қазір жергілікті өнім Сарыағаштан әкелініп жатыр. Әлі өнім көбеймей жатыр. 500 теңге бағасы. Енді алдағы уақытта арзандай береді ғой, өнім піскен сайын, көбейген сайын».

Ал тұрғындар бағаның әлі күнге дейін не үшін шарықтағанын білмей дал. Бұрындары бағасы қолжетімді еді, қазір қалтаға салмақ салып отыр дейді.

Индира Шырбол, Шымкент қаласының тұрғыны: «500 теңгеден алып жүргенбіз ғой, бұның алдында әрине жақсы еді бағалары. Бұл не себепті қымбаттап жатқанын бір Құдай біледі. Ортада жүрген кәсіпкерлер ме, жоқ өндіруші ме? Енді өндіруші өзінің бағасын алмай тиімсіз болады ғой оларға сатуға. Арзанырақ болса, бізге де жақсы».

Айта кетейік, ауыл шаруашылық басқармасының басшысы жыл соңына дейін еттің бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, макарон мен ұн өнімдерінің құны да шарықтауы болжанып отыр екен.