Шымкент теміржол вокзалындағы көз қуантар сағат қашан жөнделеді? Қазір Шымкенттегі аудан әкімдері жартыжылдық есебін беріп жатыр. Әл-Фараби ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне тілшіміз қатысып, сағат жайын да сұрады.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Алдағы жоспарларын да бөлісті. Темір жол вокзалындағы сағат тілінің бұралмай, уақыттан қалып қоя беретінін де мойындады.
«Қалай басында бұл ғимаратты орнатты екі жыл ғана сағат тілі жұмыс жасап тұрды. Бұл сағат халыққа керек, әрине. Соншама ақша кетті ғой мемлекеттен. Ал қазір 4 бұрыштан сағат тілі төрт түрлі көрсетеді», дейді қала тұрғыны.
Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Темір жол вокзалында орналасқан сағатқа жыл басынан бері екі рет жөндеу жұмыстарын жасадық. Техникалық ақауларға байланысты сағат жиі істен шығады. Енді бюджеттен қаражат бөліну керек. Бірақ нақты қанша екенін айта алмаймын. Бір ай уақыт ішінде қалпына келтіруге тырысамыз. Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігі үшін қойылған металл апараттарын тағы да тексеріп шығамыз».
Әкім айтқандай, алдағы 5 жылда Әл-Фараби ауданын дамытуға 30 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр екен. Жыл соңына дейін 7 жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сол кезде 500-ге жуық адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
«Жалпы 2021-2025 жылдары арналған жоспарға сәйкес 61 жоба тіркеліп отыр. Онда 31 млрд тенге жеке кәсіпкерлер инвестиция кірмек», -деді әкім.
Шымкент тұрғындарының бір шағымы – қала көшелері мен ауладағы қоқыс мәселесі. Әкім сөзінше, Әл-Фараби ауданы тазалығын жүргізу үшін 7 секторға бөлінген екен. Аптасына бір рет тазаланады.
Камила Есенғали