Төлеби ауданының тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр

159

Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы тұрғындар сасық иістен тұншығуда. Айтуларынша №1 мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің кәріз құбыры жұмыс істемей, салдарынан нәжіс аралас сасық су арық бойымен ағып өтуде. Арықтан шыққан иіске шыдау мүмкін емес дейді тұрғындар.

Мына тұрған арықтағы судың иісі жергілікті тұрғындардың бей-берекетін қашырғанына біршама уақыт болған. Айтуларынша, көршілес жатқан №1 мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің кәріз құбыры дұрыс жұмыс істемейді. Көпқабатты тұрғын үйлерден шыққан нәжіс араласқан қалдық, қоқыстар осылай ағып келіп, төменде жатқан арық бойына қосылып, суды ластауда. Осы маңнан су ішкен төрт түлігіміз де қырылып жатыр дейді Төлеби ауданы орталығының тұрғындары.

Гүлбахира Оңғарбайқызы, Леңгір қаласының тұрғыны: «Бұл шағынаудан септигі бұл, бұл осымен Сұлтан Рабатқа барады, ол жақта ыдыс жуады, кілем жуады, осы суды қолданады. Бүгін тағы суымыз азайып тұр, бұдан да көп болады, мына жерге қой түссе, шыға алмайды».

Тұрғындар 2 жылдан бері осы мәселе бойынша әкімшілікке талай шағымданыпты. Алайда бұл уақыт аралығында әкімдер ауысып, бәрі де халыққа тек құрғақ уәде беріп келген көрінеді. Ақ жағалылар сөзіне сенуден қалған жұрт енді екі қолға бір күрек алып, арықтың бойын өзіміз жабамыз деп бекініп отыр.

Ал кәріз жүйесін тазалау жұмыстарын күнәра жасап тұрамыз деген қызметкерлер бұл мәселе бұрын жоқ еді дейді. Көпқабатты үйлерден шығып жатқан қоқыс тазалағыш аппараттың бұзылуына әкеп соқтырған екен. Сол үшін арық бойы осылай қалдықтарға лық толы болыпты. Ал салаға жауаптылар бар мәселе қаржыға тіреліп отырғандығын алға тартады.

Серғазы Қалдыбаев, Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі: «Қазіргі кезде тек қана шешудің бір-ақ мәселесі мынау Леңгір қаласы Алатау мөлтек ауданы асты жағында 1-мамыр елдімекеніне қарасты жерден жаңадан КОС түсіру керек. Оған қазір құрылыс бөлімі арқылы 40 гектар жер алынып, соған жоба жасалып жатыр. Сол жоба біткеннен кейін келесі жылы қаржыландыруға жер алынды. Аудан әкімі қаулысы қабылданды».

Аудан әкімі де осы сөзді растап, жоба жасалынып жатқанын айтты. Тек жобалық сметалық құжаттарды қаржыландыру мәселесі туындап отыр екен.

Төлеген Телғараев, Төлеби ауданының әкімі: «Шағынауданның төменгі жағынан 40 гектар жер беріп жатырмыз. Оған тиісті құжаттардың бәрін дайындап біттік. Қазір жобалық — сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Сол жобалық сметалықты қаржыландырса, біз сонда қосымша тәулігіне 2500 текше метр су айналдырып өтетін болады. Насос үздіксіз жұмыс жасау керек. Сол үшін бұл жерге қосымша генератор қойып жатырмыз. Жарық өшкенде де насос тоқтамай істеп тұратын болады. Ол жөнінде тапсырма берілді. Сондықтан бұны қадағалайтын боламыз».

Осы жылы Леңгірде тағы 9 көп қабатты үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл кәріз жүйесіне қосымша жүктеме болатыны сөзсіз. Мұндай түйткілді мәселені кім шешетіні жайлы, әкімшілік әлі шеше қоймаған.

Әлихан Файзханов