Түркістан облысында «Атамекен» атын жамылғандар құрықталды

187

 

Түркістан облысында өзін «Атамекен» ҰКП маманы ретінде таныстырып, алаяқтықпен айналысқан азамат құрықталды. Сайрам ауданының тұрғыны мектеп мұғалімдеріне жәрдемақы тағайындап беремін деп, жәбірленушілердің жеке басына қатысты мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін алып, несие рәсімдеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Тілеубекова мәлімдеді.

Жеңіл жолмен олжалы болғысы келетіндер тұрғындарды грант, несие, жәрдемақы немесе «Бастау Бизнес» жобасына тіркеу арқылы сертификат алып беру ісіне көмектесемін деп сан соқтыруға тырысады. Сондықтан, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандар ескеруге тиіс жайт — «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға курс ұсынып, бизнес-жобасын сүйемелдеуге көмектеседі. Ал, грант ұсыну, ақша беру – мекеме құзыретіне кірмейді.

«Тұрғындар арасында кәсіпкерлер палатасы қаражат береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қате пікір. Біздің ұжым кәсіпкерлерге қаражат алу тетіктерін көрсетіп, жобаларын сүйемелдеумен айналысады. Барлық қызметтер ақысыз негізде көрсетіледі.

Кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті – кәсіпкерлікке оқыту, кеңес беру, бизнесте мемлекеттік қолдау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ, заңнамалық талаптар мен жаңалықтар туралы хабардар ету, кәсіпкерлердің құқығын қорғап, бизнестің жүйелі проблемаларын шешу»,- деді Жанна Асылбекқызы.

Жалпы «Бастау Бизнес» жобасына өтінім қабылдау басталған кезде алаяқтар қазақстандықтарға грант ұтқанын және оның ақшасын жіберу үшін банктегі есепшоты қажет екендігін айтып алдайды. Тиісті қаражатты «Қазпошта» арқылы жібереміз дей отырып, жеңімпаздың барлық жеке дерегін білуге тырысады.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмазхан Тастанбеков мұндай жағдаймен кезіккенде бірден құзырлы органдарға жүгінуге шақырады. Құқық қорғау саласы қызметкерінің айтуынша, қазіргі таңда аталған алаяқтық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүгізілуде.