Түркістан облысында мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

111

Елбасы Н.Назарбаевтың 2007 жылы 4 маусымдағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданған болатын.

Осы заңға сәйкес 4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтуде. Осыған орай, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қазақстандықтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, өскелең ұрпақтың патриоттық санасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шаралар барысында аудан, қала көшелерінде ту мен елтаңбаны көтерген автокөліктер шеруі, аттар керуені, флешмобтар өтіп, барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысандарға тулар ілінді. Санитарлық талаптарды сақтай отырып жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушылары, этнос өкілдері қатысқан мерекелік іс-шаралар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқаумен өз жалғасын тапты.

Облыс жұртшылығына рәміздердің шығу тарихы мен бейнелерін кеңінен насихаттауға бағытталған бейнероликтер әзірленіп, аудан, қала әкімдіктерінің ресми парақшалары арқылы кеңінен насихатталды.

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері ресми түрде бекітілген болатын. Ел Тәуелсіздігінің тұрақтылығының кепілі болған, елдің біртұтастығы мен тыныштығына тұтқа болған айтулы күннің орын алғанына биыл 29 жыл толды.