Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір орталығында бой көтерген заманауи Эко базардың құрылысымен танысты. Облыс басшысы жаңа сауда орталығында диқандар үшін қажетті жағдайдың толық жасалуын айтып, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Мұндағы жабық базар көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналмақ. Диқандар мұнда өз өнімін емін-еркін сата алатын болады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Диқан келіп өзі сату керек, сонда мына жердегі 20 теңгелік сәбіз Астанаға барғанша 200 теңге болады. Сондай болмау керек».

Сондай-ақ, аймақ басшысы қаладағы жаңа ғимараттардың айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын бақылады. Яссы көшесі бойындағы желілік саябақ пен дендробақта болып, мердігерлермен кездесті. Дендросаябақ аумағында 12 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 2360 шаршы метр аумағына гүлдер, 20 мыңнан астам шаршы метр жерге көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Облыс әкімі сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жұмыс барысын пысықтады. Сапасы басты назарда болуын ескертіп, жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында дәл қазір 7,9 және 12 қабатты 82 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін 1000-ға жуық пәтер беріледі деп күтілуде.