Үшінші мегаполистің миллионыншы тұрғыны үшке толды

204

Айсұлу Еламан — биыл 3 жасқа келді. Бүлдіршіннің дүниеге келуі Шымкент жұртышылығын қуанышқа бөледі деуге болады. Себебі балақай шаһардың миллионыншы тұрғыны болып, Шымкент Қазақстандағы үшінші мегаполис атанды. Миллионыншы тұрғынның отбасына біздің түсірілім тобы арнайы барып, бүлдіршінмен тілдесіп қайтты.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны биыл үш жасқа толды. Айсұлу Еламанның дүниеге келуі қаланың мегаполис атануына септігін тигізді. Бүлдіршіннің анасы Айжан қызының өте пысық және қылықты болып өсіп келе жатқанын айтады.

Айжан Ахайбекова, Айсұлудың анасы: «Қылықты, өте сүйкімді. Өзінің миллионыншы тұрғын екенін біледі-ау деймін, еркелеу. Айтқанын істетпей қоймайды. Пысық, маған көмектеседі».

Айсұлудың ата-анасының айтуынша, ол алғыр болып өсіп келеді. Бір жасқа толмай жүріп бастаған екен. Отбасының тұңғышы, десе де ата-әжесіне жақын екенін айтады. Енді Айсұлудың артынан Сания есімді сіңі\лісі еріп келеді. Қазір 1 жастан асқан. Өзінің сіңлісіне өте жанашыр, бауырмал.

Айжан Ахайбекова, Айсұлудың анасы: «Өзі киім таңдайды. Ұнамаған нәрсесін кимейді. Баяғыда кішкентай кезінде бала деп ойлайтын едік. Бір көйлек кимейтін, қазір көйлектерін шешкізе алмайтын болдық. Қыз сияқты майысып, көргенін істейді. Қылықты болып келе жатыр».

Самат Еламанов, Айсұлудың әкесі: «Жайдары, ойнап-күліп жүреді. Тыңдайды. Жатырқамайды. Ең бастысы бауырмашыл. Сіңілісін ешкімге қапа қылмай, жылатқызбайды».

Айсұлудың анасы қазір декреттік демалыста. Мамандығы бойынша жұмыс істейді, қаржы саласының маманы. Ал, әкесі Самат медицина қызметкері. Ұл бала анасына, қыз баласы әкесіне жақын болады деген рас секілді. Өйткені Айсұлудың әкесі қызының басқаларға қарағанда өзіне көңілі ерекше екенін айтады. Онысын мына қылығынан байқаған екен.

Самат Еламанов, Айсұлудың әкесі: «Қызым өзіме жақын. Бірдеңе болса шағымын маған айтады. Мынандай болды, анау қапа қылып жатыр деп. Өкпесін айтып отырады. Өзім тұңғышымыз қыз болсыншы деп өзім тілегенмін. Құдайға шүкір, Айсұлудай қызды бергеніне».

Аты затына сай Айсұлу көрікті қыз болып өсіп келеді. Мультфильм көргенді, тәтті жегенді және аулада ойнағанды ұнатады. Ата-анасы қызының тілі ерте шыққанын айтады. Миллионыншы тұрғыннан сұхбат алуға тырыстық. Алайда, камерадан ұялды ма, қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Айсұлу миллионыншы тұрғын атанғанда Еламановтар отбасына сыйлық ретінде 2 бөлмелі пәтердің кілтін сол кездегі облыс пен қала басшылығы табыстаған болатын. Олар қазіргі таңда сол пәтерде тұрып жатыр. Бүлдіршін балабақшаға да баруды бастаған. Бірақ, аса бір құлшыныспен барғысы келмейді екен.

Айсұлу Шымкенттің миллионыншы тұрғыны атанғаннан кейін бірден танымал бола бастаған. Қазірдің өзінде халық танып жатады екен. Еламановтар отбасы Айсұлудың туған күнін жарық дүние есігін ашқан күннен бөлек, 19 маусым үшінші мегаполис күнінде де атап өтеді.

Айта кетейік, Айсұлудың өзінің Инстаграм желісінде жеке парақшасы да бар. Онда бүлдіршіннің тәтті қылықтары мен қызықты сәттерін көруге болады.

Олжас Айдарбек