Нұр-Сұлтан қаласында жалдау құны 5 мың теңге болатын тұрғын үйлерге өтінім қабылдау басталды. Алайда мұндай жалдамалы баспаналарға бәрі бірдей қол жеткізе алмайды. Ол үшін арнайы 11 санат бекітілген.
Атап айтсақ, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқандар, 1 және 2-топ мүгедектері, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратындар, жасына жетіп, зейнеткер атанғандар, жетім балалар, қандастар, экологиялық апат салдарынан тұрғын үйінен айырылғандар, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары мен толық емес отбасылар өтінім бере алады.
Егер осы айтылған тізімде болсаңыз, қажет құжаттарды 8 маусымға дейін жинап, qatysu.zhilfond.kz сайтына жолдауыңыз қажет. Үй саны шектеулі. Мамандардың айтуынша, 100 пәтер ғана үлестіріледі. Ол кемі 5 жылға беріледі және өз атыңызға аудара алмаймыз. Сондай-ақ, өтінімдерді іріктеу кезінде баспана кезегінде қанша жыл тұрғаныңыз ескеріледі.
Шынар Оразова