«Отырар» телеарнасы түрлі этнос өкілдерінің тұрмыс-тіршілігін таныстыратын репортаждар сериясын қайта бастайды. Бүгінгі кейіпкеріміз – шымкенттік Мустафиндер отбасы. Татар отбасы біздің тілшілерді өз шаңырақтарында қонақ етіп, әулет тарихын айтып берді.
Ерлі-зайыпты Сергей Мустафин мен Гюзель Мустафинаның ата-аналары Шымкентке 1950 жылдары қоныс аударған. Жат жерді өз жұртындай қабылдауына қазақ халқының дархан пейілі, қонақжайлығы мен бауырмалдығы себеп болды дейді. Шымкент екі кейіпкеріміздің де кіндік қаны тамып, бақытты балалық шағы өткен мекен. Сондықтан да туған жерін ешқайда айырбастамайды.
Гюзель Мустафина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Соғыс аяқталған соң Қазақстанға қоныс аударған татарлардың арасында менің ата-анам да болған екен. Анам қазір 80-нен асты. Ешқашан Шымкенттен көшуді ойлаған емес. Өйткені ол үшін Шымкент – ең жайлы қала. Біз мүмкін тарихи отанымызға бару арманың шығар деп сұрақ қойсақ, Шымкентке ешбір мекен жетпейтінін айтады. Себебі оның бақытты шағының бәрі осында өтті ғой».
Сергей мен Гюзельді таныстырып, табыстырған да өнер. Екеуі де Шымкент циркінің акробат-әртістері. Ұл-қызы да әке-шешесінің жолын қуған. Шаңырақ көтергендеріне 30 жылдан асып отыр. Гастрольдерде жүріп, қаншама ел-жер көрсек те ешбірі Шымкенттей болмайды дейді өнерлі жұп.
Сергей Мустафин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізді Мәскеуге де жұмысқа шақырды. Алайда біз бас тарттық. Шымкент біздің ең керемет естеліктеріміз сақталған жер. Біздің бар жақындарымыз осында. Әртүрлі ұлт өкілдерінен достарымыз бар. Бәріміз бір отбасындай болып жақын араласамыз. Оларды да қимаймыз».
Ерлі-зайыптының қыздары Севда Қытайда, ал ұлдары Марк Мәскеуде акробатика өнерінің қыр-сырына қанығып, білім алып жатыр. Марк Мустафин оқуын тәмамдаған соң, туған жерге оралып, осында еңбек етуді жоспарлап жүр екен.
Марк Мустафин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен әзірге нақты шешім қабылдамадым. Әлемнің қай жерінде болмасын, күндердің күнінде Шымкентке оралатынымды, осында еңбек ететінімді білем».
Ұлттық тағамдарын ұсынып, қонақжайлық танытқан әулеттің отанасы Гузель Мұстафина татар мен қазақтардың салт-дәстүріндегі ұқсастықтар көп екенін айтады. Мәселен, бұл этнос өкілдері де қыз тұрмысқа шығарда қолдан ұзатып шығарып салады екен.