ОҚО-да этнос өкілдері көп тұратын аудандарда «Достық» үйі ашылмақ

485
Фото Самат Мырзалиев

Бүгін Шымкент қаласында «Әлеуметтік бес бастама – бейбіт өркендеу мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясы өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ж.Түймебаевтың қатысуымен өткен жиынға этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, аудан, қала әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары және зиялы қауым мен жастар, БАҚ өкілдері сынды жалпы саны 1 мыңнан астам адам қатысты.

Сессия жұмысына төрағалық еткен аймақ басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтiк бастама – қоғамның әлеуметтiк бiрлiгiнiң тұғыры» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында  жүктеген бірқатар міндет-мақсаттардың облыста жүзеге асырылу барысына тоқталды.

«Бүгінгі Ассамблея – миллиондаған қазақстандықты ортақ мақсатқа жұмылдырған, асқақ арманға жетелеген, бір мүддеге тоғыстырған алып күш. Адам тағдыры Отанымен тамырлас келеді. Еліміздің гүлденгені әрбіріміздің мерейіміз. Бүгінгі сессияда Елбасының бес әлеуметтік бастамасын облыста іске асырылуы сараланады. Бұл байыпты бастамалар – әлеуметтік мемлекет құруды көздейді. Ол әрбірімізге әлеуметтік жауапкершілік жүктеп, ауызбірлігімізді одан әрі бекемдеуге жетелейді.

Қазақстандықтар Тәуелсіздік берген толағай табыстарға куә. Осы  жылдардағы басты жетістігіміз – биыл 20 жылдығы аталып өтілетін еңселі Елордамыз.Ұлыстың ұйытқысы, салт-сананың арқау ордасы болып танылған Оңтүстік өңірі де осы кезең ішінде белді белестерді бағындырып, толайым табыстарға жетті. Алтын құрсақты аймақ тұрғындырының саны тәуелсіздік жылдарында миллионға артса, шырайлы Шымкентіміз миллиондық белесті бағындырды»,-деді облыс әкімі.

Ассамблеяның ХХVI сессиясында көтерілген «Қазақтану» жобасы туралы «Цеснабанк» АҚ қызметкері және қазақ келіні Юлия Дробязко қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылданса деген ойын жеткізді.

«Мен, Юлия Дробязко. Жүрегім кең-байтақ қазақ даласын Отаным деп білетін орыс қызымын. Бүгінде берекелі қазақ отбасының түтінін түтетіп отырған инабатты келін әрі 2 баланың ардақты анасымын. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа жасаған сапары аясында облыс жастарымен жүздесті. Аталған жиында Президенттің жанында сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Бүкіл ел алдында Елбасыға болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың санын көбейтуге уәде бердім. Президенттің алдында сөз сөйлеп, уәде беру үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болса, оны орындау мен үшін мерейлі міндет деп білдім. Міне, бүгінде сол уәдемде тұрып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым – қазақ. Балаларым қазақ. Өзім де қазақ боп кеткенмін. Отырардағы үлгілі келіндердің санатындамын. Қазақтың келіні болу – керемет, ең бастысы – ағайын-туыстардың көптігі. Отбасымызбен қазақ, орыс мейрамдарын атап өтеміз. Өзара қазақ-орыс тілдерінде сөйлесеміз. Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Биылғы ассамблеяның жиырма алтыншы сессиясында оңтүстік атынан сөз сөйлеген Наталья Романова онда бірқатар мәселелерді айтып, Елбасы алдында қазақтану мәселесін көтерген болатын. Мен өзім бұл ұсынысқа толыққанды келісемін және қолдаймын және қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылданса деген ойым бар»,-деді Юлия Дробязко.

Сессия барысында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асуына қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Пак Роза Викторовна мен облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Бочорашвили Заал Резоевич марапатталды.

Елбасы айқындаған бес әлеуметтік бастаманы батыл іске асыруды айтқан облыс әкімі сессияны қорытындылап, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әкім этностық топтар жинақы тұратын Сайрам, Мақтарал, Сарыағаш, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында  бизнестің әлеуметтік жауапкершілгі аясында «Достық» үйлерін ашуды  тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі