Руслан Жанпейісов бостандыққа шықты

121

Халық арасында Руслан Жанпейісов деген атпен танымал белсенді Бибарыс Раимбеков бостандыққа шықты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. «Отырар» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында Бибарыс Раимбеков енді қоғамдық жұмыстан, оның ішінде жолдағы заңбұзушылықпен қарсы күресті толығымен тоқтататынын жеткізді.

«Мен бостандыққа шықтым. Енді спортпен айналысып, өз кәсібімді дөңгелетіп, отбасыма көбірек уақыт бөлемін. Қоғамдық жұмыспен айналысудың мәнін көріп тұрғаным жоқ. Енді айналыспаймын», — дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 30 шілдесі күні Шымкент қалалық соты Бибарыс Раимбековты «Денсаулыққа ауырлығы орташа дене жарақатын келтіру» және «Билік өкілін қорлады» деген айыппен бір жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Үкімге сәйкес, Жанпейісов жазасын қоныстандыру колониясында өтеді. Райымбеков қылмыстық жазаға тартылғанан кейін де оның әлеуметтік желідегі парақшасы белсенді болды. Оны әріптесі жүргізіп отырған.

Руслан Жанпейісов жазасын өтеп жатқан уақытта оның туыстары мен достары жазаны жеңілдету және оны шартты мерзімге ауыстыру туралы бірнеше рет өтініш білдірген болатын. Алайда, бұл өтініштер қанағаттандырылмады.

Камила Есенғали