Қоғам белсендісі Жанпейісов Министрден кешірім сұрады

120
Бибарс Раимбеков

Шымкенттік белгілі видео-блогер бүгін бостандыққа шықты. Көпшілікке Руслан Жанпейісов деген атпен танымал Бибарс Раимбеков төтенше жағдай тәртібін бұзды деген айыппен 35 тәулікке қамалған еді.

Қоғам белсендісі 12-сәуір күні «Қапал батыр» көпіріндегі блокбекетке «Опель» автокөлігімен келіп, «Adil Stroy Project» ЖШС-нің заңгері екенін және өзін бекеттен өткізуін талап еткен. Анықталғанындай, бұл кәсіпорын елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қызметін уақытша тоқтатқан. Сондай-ақ, әкімшілік сот Раимбековты қоғамның тынышын бұзып, тәртіпті сақтауға шақырған полицейлердің қызметіне кедергі келтірді деп, айыпты деп тапқан. Енді 1 айдан астам уақыт қамауда болған Раимбеков бүгін түс ауа желіде келесідей видео-үндеу жолдап, Ішкі істер Министрінен кешірім сұрады.

https://www.youtube.com/watch?v=U7WCwx-siy0&feature=youtu.be

Бибарс Раимбеков (Руслан Жанпейісов) қоғам белсендісі:»Құрметті Министр мырза! Сізге енді Қазақстан полициясын видеоға түсірмейтінімді мәлімдегім келеді. Мен енді олардың қызметін, құзыретін, жұмысын түсіріп әлеуметтік желіге жарияламаймын. Бұл менің Сізге жолдайтын соңғы үндеуім және айтқан сөздеріме сенімдімін. Мынау бір жағдайды еске алсам, 2017 жылы сот залынан шығып жатқанда, маған «Сіз бұл әрекетіңізді қайталайсыз ба» деген сұрақ қойған. Мен сол кезде «Мен тоқтамаймын, жалғастырамын» деп нақты жауап бергенмін. Дей тұрғанмен, кез келген нәрсенің шегі болады, сол сияқты менің де жасым 40-та, өзімді Қазақстан полициясының жұмыс жүйесін жақсарту үшін қолымнан келгенді жасадым деп ойлаймын. Және мен сияқты енді ешкім жұмыс жасамайтыны анық. Осы сәтті пайдалана отырып, полицияға тіл тигізгенім үшін, оларға проблема болып келгенім үшін Ішкі істер Министрі Ерлан Тұрғымбаевтан кешірім сұраймын. Енді бұл бағытымнан мүлдем кетемін. Сондай-ақ, сөз соңында Ералы Жұмаханбетовты генерал шенімен құттықтаймын».

Айта кетейік, бұл істен бөлек қазіргі уақытта Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотында қоғам белсендісіне қатысты тағы бір сот процесі жүріп жатыр. Бибарс Раимбековке ҚР Қылмыстық Кодекснің 107-бабының 1-бөлігі – «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша, сондай-ақ, 378-бабының 2-бөлімі – «Билік өкілін қорлау», яғни полиция қызметкерін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлау фактісімен айып тағылған. Бүгін кезекті сот процесі онлайн режимде өтті. Әл-Фараби аудандық соты ең жақын деген күндері бұл қылмыстық іске нүкте қойылады деп сендірді.

Мөлдір Бекеева