Шымкентте № 8 мектеп-гимназия аумағындағы ескерткіш тақтайшалар қайда кетті? Ескі корпустағы бұзу жұмыстарын көрген тұрғындарды мектеп ауласындағы тақтайшалар пен гүлдердің алынып, орны ойсырап тұрғанын мазалап отыр. Құрылысты жүргізуші компания болса, ештеңенің бүлінбегенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.
Шымкенттегі №8 гимназияның ескі корпусын бұзу туралы ақпарат шыққалы бері, осы жайтқа бейжай қарамаған Шымкент қаласының тұрғындары жаппай мектепті қорғай бастады. Олар мектеп ауласындағы ескерткіштер бұзылып, гүлдер мен ағаштар тапталды деп наразы.
Егілгеніне 100 жылдан асқан ағаштар мен гүлдердің жағдайын айтқан тұрғындар ең бастысы майданға кетіп, оралмаған мектеп түлектеріне арналған ескерткіштің жағдайын уайымдап отыр. Біз халықтың бұл ескертуін ескеріп, мектепке барып көрдік. Белгілі болғандай, соғысқа кетіп, оралмағандарға арналған тақтайшалар мектеп қоймасында сақтаулы.
Мейіржан Сырманов, «Build Stroy» компаниясы директорының орынбасары: «Осыдан сәл алдын туындаған сұрақ бойынша оны бірінші ескерткішті демонтаж істеп, мектепке өткіздік. Оның бәрі сақтаулы тұр. Болашақта мектеп құрылысы біткен кезде сол орынға қайтадан қоюға әрекет қыламыз. Барлық нәрсе кедергі келтірмей сол жерге тұратындай жағдай туындайтын болса, сол жерге қойып береміз».
Жауаптылардың айтуынша, ескерткішті жаңарту және іргелес аумақты абаттандыру мәселесі қарастырылып отыр. Сонымен қатар, балаларға арналған демалыс орнын ашу жоспарлануда. Ал мектеп ауласындағы 100 жылдық тарихы бар ағаштар басқа орындарға отырғызылған екен.
Мейіржан Сырманов, «Build Stroy» компаниясы директорының орынбасары: «Негізгі ағаштардың көбісін орталық саябаққа қайта отырғыздық, гүлдерді де сол орталық парктің кіре-берістеріне, одан қалғанын Ә.Жангелдин көшесінің екінші бөлігі бар, оқушылар оқитын осы 8-ші мектептің. Сол жаққа біразын қайта отырғыздық. Үлкен ағаштарға тимеуге тырысып жатырмыз».
Еске сала кетейік, №8 мектеп-гимназия ғимаратының сүру жұмыстары осыдан бір ай бұрын басталған болатын. Қазыбек би бойындағы корпус пайдалануға жарамсыз деп танылып, жер асты су жүйесі ылғалды болуынан қабырғалары бұзылған. Жоспар бойынша мектептің жаңа ғимараты 2022 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.