Коронавирустан көз жұмған дәрігер құрметіне ескерткіш тақтайша қойылды

126

Шымкентте жоғары санатты акушер-гинеколог Айгүл Әлімбетованың құрметіне ескерткіш тақтайша қойылды. Ол өткен жылдың 16-тамызда ковидті пневмониядан көз жұмған болатын.

Ақ халатты аты жаман індетті қызмет бабында жұқтырған. 20 жылдан астам медицина саласында адал қызмет еткен алтын қолды дәрігердің әріптестері оның есімі мәңгі есімізде қалады дейді.

Шымкентте білікті дәрігер Айгүл Әлімбетованың құрметіне өзі еңбек еткен мекеме ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Ол былтыр 16 тамызда небәрі 46 жасында ковидтен туындаған екі жақты пневмониядан көз жұмған еді. Акушер-гинеколог қызмет барысында тәжівирусын жұқтырған жүкті әйелдерді босандырып жүріп, өзі де аталмыш дертке шалдыққан болатын. 1 ай бойы індетпен күрескен ақ халатты қайта жақындарына оралмады. Марқұм өмірінің 21 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған.

Данияр Әлімбетов, Айгүл Әлімбетованың жолдасы: «Пандемия кезінде астмаға пневмония қосылып кетті. Бір ауру, бір ауруға қосылып, асқынды. Соңына дейін жұмыста жүрді. Емделуге шық деп қанша айттық. Ертең шығамын, 10 күннен кейін шығамын деп, жұмысымды бітіріп алайын деп жүріп қалды».

Алтын қолды дәрігер еңбек жолын 1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің әйелдерге кеңес беру орталығында акушер-гинеколог маманы ретінде бастаған. Кәсіби деңгейін үнемі жетілдіре отырып, 2017 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың бас дәрігер орынбасары қызметін атқарып жүрді.

Ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін аянбай тер төккен. Ақ халаттының әріптестері марқұм Айгүл Әлімбетованы аса күрделі оталарды жасап, барлық пациенттердің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие бола білген білікті маман еді дейді.

Жақсыгүл Сүлейменова, Айгүл Әлімбетованың әріптесі: «Қай уақытта болмасын, күні-түні перзентханада ана мен бала және әйелдердің денсаулығын қорғауға ат салысты. Әртүрлі жағдай туындаған кезде тез арада шешім қабылдап, клиникалық көмек көрсетіп, қажет болса оперативтік ем жасады. Дер кезінде шешім қабылдай білген білікті маман болды».

Айгүл Рахманқызы қызмет еткен жылдары «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, «Алтын дәрігер» медалімен марапатталған болатын. Гиппократ антына адал бола білген маман 8 мыңға жуық балаға кіндік ана атанған. Еңбек жолында 10 мыңнан аса күрделі ота жасап, ана мен баланың амандығы үшін тер төккен дәрігер.

Камила Есенғали