Шымкентте 5 жігіт синтетикалық есірткі заттарын ерекше әдіспен сатып келген. Күдіктілер жалға пәтер алып, онда есірткіні даярлап отырған. Ал түнгі уақытта наркотикалық заттарды қала аумағындағы жасырын орындарға тығып кетіп жүрген көрінеді.

Есірткіні қалдырған орындар туралы олар әлеуметтік желідегі парақшада ақпарат беріп, клиенттерінен ақшалай қаражат алып отырған. Аталған тұлғаларды полиция қызметкерлері кезекті операция барысында құрықтады. Олардың бірінің қалтасынан 6 дана скотчқа оралған есірткі заты табылды.

Бауыржан Қарбеков, Шымкент қ. ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: «Қосымша тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру барысында есірткі заттарын бөлшектеуге қажетті бұйымдар мен басқа да есірткі заттары анықталды. Оған қоса, күдіктілер тығып үлгерген орындардан полиэтиленді сым қабықшаларына оралған бірнеше есірткі заттары алынды. Тәркіленген синтетикалық есірткі заттарының жалпы салмағы жарты килограмнан асады».

Әлихан Файзханов