Шымкентте «Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпазы анықталды

287

Шымкентте «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауға қатысуға барлығы 110 өтініш түсіпті. Екінші кезеңге қаламыздағы төрт ауданның әрқайсысынан төрт отбасы өтіпті. Осылайша 16 әулеттің арасынан Алиевтер отбасы үздік шықты. Олар республикалық байқауға жолдама алды.

Алиевтер – Шымкент қаласындағы ең өнерлі түрік отбасы. Әулет ақсақалы Бачак Алиевтің жалғыз ұлынан 4 немересі бар. Қазақ жерін ата қонысы деп білетін отбасы қазақ ұлттық дәстүрін бұлжытпай орындайды. Бұл әулет Алиевтер ансамблі ретінде көпке танымал. Бәрінің де суырыпсалмалық және жезтаңдай әншілік өнері бар.

Башат Алиев, Шымкент тұрғыны: «Алиев Пилош менің ағам мені өзіне жас кезімде әнге, күйге, өнерге жақын болған адаммын. Мені өзіне шәкірт ұстады, маған үйретті. Атамнан маған мирас болып қалды, мен саған аманат етіп тапсырамын деді. Мені жалықпай, ерінбей әрі жұмыста болдым, әрі өнерде болдым».

Жұртшылық өнерлі отбасының қонақжай көңілі мен ыстық ықыласына тәнті болады екен. Ал қала әкімдігі «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауында жеңімпаз атанған Алиевтар отбасына 500 000 теңге қаржылай жүлде берді.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Алиевтар отбасын бүгін құттықтау үшін арнайы келдік. Отбасын берік етіп ұстап отыру күнделікті жұмысты қажет етеді. Үлкен жауапкершілік, үлкен ұлағат, үлкен даналық керек. Сізге отбасыны ғана емес, бүкіл қоғамды ұйыстырып отырғаныңыз үшін алғыс айтамыз».

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл ұлттық комиссия бастамасына сай жаңа форматта ұйымдастырылды. Бұған дейін әр өңірден екі жеңімпаз отбасы анықталып, республикалық кезеңге жолдама алатын. Осы жылы бір отбасы, яғни Алиевтер әулеті ғана қатысады.

Әлихан Файзханов