Шымкентте жұқпалы аурулармен сырқаттанған балалар саны артқан

85

Биыл өткен жылмен салыстырғанда Шымкентте жұқпалы аурулар бөлімшесіне түскен балалар саны артқан. Бүгінде қалалық балалар ауруханасының өзінде 70 орынның 67-і бос емес дейді дәрігерлер.

Мәселен, мұнда өткен жылы қаңтардан тамыз айына дейін 985 бала ем қабылдаған екен. Ал биыл сәуір айынан бері 1348 науқас емделіп жатыр дейді ақ халаттылар.

Динара Жұмаділова, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Вирустық инфекцияның белгілері дене қызуы көтеріліп іші өту симтомдары бар. Сонымен қатар әлсіздік. Тершеңдік пайда болады. Тәбетінің жоғалуы. Осындай белгілер болса ата-аналар бізге әкеліп жатады».

Мамандар бүгінгі таңда коронавирус белгілері бар балалардың ауруханаға көптеп түсіп жатқанын алға тартады. Сол себептен оларды инфекциядан сақтау үшін ересектер вакцина қабылдауы қажет.

Өйткені вирусты үлкендер алып келіп, балаларға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан да ақ халаттылар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, короновирусқа қарсы екпе қабылдауға кеңес береді.

Мөлдір Ибадуллаева