Темекіні ашық саудалағандарға 1,2 млн. теңгеге дейін айыппұл салынады

167

 Елімізде 1 шілдеден бастап темекі өнімдерін ашық саудалауға, яғни сөрелерде қоюға тыйым салынған болатын. Бұл шылым шегушілердің санын азайту мақсатында қабылданған кодекстегі өзгертулер. Дүкендер мен супермаркет желілері бұл талапқа бағынбаған жағдайда 175 мыңнан бастап 1 млн 167 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Ал жасырын сауда темекіге тәуелділер санын кемітуге септігін тигізе ме? 

Темекі өнімдерін дүкен сөрелеріне қойып, ашық саудалауға рұқсат жоқ. 1 шілдеден бастап Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте жаңа норма күшіне енген болатын. Бұл шылым шегушілердің қатарын азайту мақсатында қойылған талап. Содан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Алайда супермаркет сатушыларының айтуынша, тұрақты тұтынушылар саны бәз-баяғы қалпында екен. Саудаға ешқандай әсері болмаған.

Шолпан Амангельдиева, кассир: «Келген адамдар темекі бар ма, жоқ па деп сұрайды. Біз бар бірақ міне мына жерде деп көрсетеміз. Сұраймыз қандай темекі керек деп. Сосын ашып алып береміз де, қайта жауып қоямыз».

Шымкент тұрғындарының сөзінше, шылым жабық түрде саудалағанымен оған тәуелділер санының азаюы екіталай. Барлығы адамның өзіне және тәрбиесіне байланысты дейді олар.

«Оның ешқандай пайдасы жоқ қой. Жауып қойғанмен бәрібір ала береді ғой. Бәрібір сатылып жатыр, дұрыс па? Жабылып сатылып жатқанын байқадым, өзім шегемін, өзім барып алып жүрмін. Бекерге жауып қойып жатыр», дейді қала тұрғыны.

Кодекстегі тыйым тек қораптағы ғана емес, қорқорға арналған темекі мен оның қоспасы, шылымды қыздыруға арналған құралдар, қыздырылатын темекісі бар заттарға да қатысты. Ал талапқа бағынбаған кәсіпкерлер үшін көлемді айыппұл қарастырылған.

Яғни, шаһардағы дүкен, супермаркет, ірі сауда орындарының иелері шылымды ашық сөрелерде саудалаған жағдайда 175 мың теңгеден бастап 1 млн. 167 мыңға дейін айыппұл арқалайды. Мемлекеттік кірістер департаменті талаптың сақталуын сырттай бақылауға алған. Ал, полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді.

Айбосын Зеев, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы: «Заң талаптары бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 455-бабының талаптарына сәйкес жеке тұлғаларға 60 АЕК, лауазымды тұлғаларға 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 400 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған».

Данабай Әлиев, Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлімше бастығы: «Аталған бап бойынша айыппұл салу жергілікті атқарушы органдармен соттың құзыретінде. Қазіргі таңда заң күшіне енуімен учаскелік полиция инспекторы әкімшілк аумақтарда осы заңнама талаптарын қатаң сақтау жөнінде дүкен иелерімен және солардың әкімшілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде».

Айта кетсек, 1 шілдеден бастап елімізде темекі бағасы 520 теңгеге дейін көтерілді. Алдағы уақытта да әр алты ай сайын қымбаттайды екен. Шылымның бағасы бұған дейін 500 теңгеге жуық болатын. Елімізде темекі және оған теңестірілген өнімдерді 21 жасқа толмағандар азаматтарға сатуға тыйым салынған.

                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева