Алексей Цой эпидахуалды мәлімдеді

62

Қазақстанда короновирус жұқтырғандар саны 595 433 науқасқа жетті. Оның 489 135-і аурудан айықса, 6 153 адам індеттен қайтыс болған. Елдегі эпиджағдайды мәлімдеген Денсаулық сақтау министрі тамыз бен қыркүйек айларында қанша адамның тәжвирусты жұқтыруы мүмкін екендігі туралы болжамды мәлімдеді. Сондай-ақ, ковид-19 індетінің таралу қарқынын азайту шараларында «Ашық» жобасының тиімділігі зор екенін алға тартты.

«Ашық» жобасы арқылы 17 мыңдай адамның өміріне араша түстік». Үкімет отырысында осылай деген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы күнге дейін карантин талаптарын сақтамаған «қызыл» және «сары» мәртебедегі 16 663 адам анықталғанын атап өтті. Айтуынша, «Ashyq» жобасы аясында мониторинг топтары 50 мыңнан астам нысанды тексерген. Оның, 642-сінде заңбұзушылық фактісі орын алған.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің деректеріне сәйкес, 10 шілдеден бері 16 663 ереже бұзушы анықталды, оның ішінде 10 305 келуші «қызыл» мәртебемен, 6 358 адам – «сары» мәртебемен көпшілік жиналатын орындарға кіргісі келген. Осылайша, 16 мыңнан астам нысанда халықтың КВИ жұқтыруына жол берілмеді».

Содай-ақ, еліміздің бас дәрігері тамыз және қыркүйек айларындағы эпидахуалдың болжамы туралы айтты.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Эпидемиологиялық жағдайдың тамыз-қыркүйек айларына арналған болжамына сүйене отырып, қазір біз оптимистік сценарий бойынша келе жатқанымызды айтқым келеді. 2 айда тіркелетін жағдайлардың болжамды саны 250 мың адамға жуықтайды деп отырмыз. Яғни, тәулігіне орташа есеппен 7 мың адам тіркеледі деген болжам бар».

Үкімет басшысы Асқар Мамин барлық өңірде 2 тамыздан бастап күшейтілген шектеу шаралары күшіне енгенін еске сала отыра, қабылданған барлық карантин талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет деді.

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы: «Өңір әкімдері мен Денсаулық сақтау министрлігі барлық ауруханалардың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалар мен ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиялық нормалардың бұзылуын бақылау және анықтау бойынша жұмысын күшейтсін».

Ел бойынша 5 миллионнан аса тұрғын короновирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын салдырды. Алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі тағы 4 млн, кейін қосымша 8 млн доза жеткізуге келісім орнатып отыр екен. Жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіледі дейді жауаптылар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 9,4 млн. доза вакцина қолданылған. Оның бірінші компонентін 5 480 094 адам салғызды, бұл вакцина алуы тиіс халықтың 55,4 пайызын құрайды. Екінші компонентімен 3 941 941 адам немесе тиісті халықтың 39,8 пайызы қамтылды».

Айта кетейік, Қазақстан 26 маусымнан бастап «қызыл» аймақта тұр. Елдегі эпидахуалды бағалау матрицасы бойынша тек Түркістан облысы ғана қазіргі таңда «сары» белдеуде. Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталсақ, соңғы тәулікте Түркістан облысында 122 адамнан кви анықталды. Ал Шымкентте бір тәулікте ковид-19 індетін жұқтырғандар саны 575-ке жетіп отыр.

Мөлдір Ибадуллаева