«Бозарық» қосалқы электрстанциясы іске қосылды

294

Шымкент қаласының солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтитын «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылды. Нәтижесінде қуаты 160 мегаватты құрайтын подстанция миллионнан астам тұрғыны бар шаһардың 250 мыңға жуық халқын сапалы жарықпен қамтиды. Аталған жобанның жалпы құны -7,9 млрд теңгені құрайды.

Шымкент қаласының бас жоспарына енгізілген маңызды жоба, яғни 6 жылдан бері жыр боп келе жатқан «Бозарық» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары аяқталды.

Миллионнан астам тұрғыны бар шаһардың солтүстік бөлігіндегі 10 шағын ауданында электр қуатының тапшылығы бар еді. Осы мәселені шешу бағытында 2015 жылы қуаты 160 мегаватты құрайтын «Бозарық» подстанциясының құрылысы басталған болатын.

Алайда, миллиондаған қаржы бөлінген подстанцияның құрылысы орта жолға келгенде тоқтап қалған. Нәтижесінде 2017 жылы мердігер мекеме «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-і өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамауына байланысты арадағы түзілген келісімшарты бұзылып, «Аврора эКонстракшн» ЖШС арқылы құрылыс жұмыстары жалғасын тапты.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтің айтуынша қазіргі таңда қаланы сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында тағы 5 қосалқы станцияның құрылысы қатар жүргізілуде.

Боранбай Булатбеков, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «2017 жылы бірінші мердігер мекеме аяғына дейін істемей, сосын 2017 жылдан міне бүгін тапсырып отырмыз. Бұл қосалқы станцияға бес үлкен станциялар қосылады. Олар «Нұрсәт», «Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ынтымақ» қосалқы станцияларының қосылу көзі болып табылады».

Салтанатты жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, қосалқы станция жұмысын қосып берді.

Айта кетейік, «Бозарық» қосалқы станциясы сапалы электр қуатымен қамту нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити мен Достық, Нұрсәт шағынаудандарындағы жарық мәселесінің тапшылығы шешіледі.

Шынар Оразова