Қазығұрт пен Төлеби аудандарындағы 18 елдімекен тұрғындары ауыз су тапшылығын сезінуде. Қараша халық оған «Шымкентцемент» компаниясының кінәсінен деп отыр.

Айтуларынша, алып компания осы маңнан карьер қазу арқылы шикізат көзін алады екен. Осылай деген тұрғындар карьерді жабуды талап етті. Алайда ірі кәсіпорынды ғалымдар жақтап отыр. Ал компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында су мәселесін шешуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Ақбастау ауылындағы карьерлерді өңдеу елдімекендегі судың деңгейіне әсер етпейді. Мұндай мәлімдемені белгілі қазақстандық ғалымдар жасады. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Беген Есімовтың пайымдауынша, карьердегі өңдеудің салдарынан ауыл ағайындарының үйлерінде судың деңгейі төмендеді деген сөздер негізсіз.
Беген Есімов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор: «Карьердің  жобасын  сол Кеңес  кезеңінде білікті  мамандар барлық  талаптарды ескере отырып жасаған. Гидротехникалық зерттеулер де архивте сақталған, онымен танысуға болады.  Бұл кен орыны  бірегей десек те болады. Карьердің түбі құрғақ. Осындағы әктас ол жұмсақ болады. Карьердегі  жұмыстар осындағы жер асты суларына бұлақ көздеріне әсер етеді деген негізсіз бос сөздер».

Техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Таймасов әріптесінің сөзін құптап отыр. Айтуынша, карьердегі шағын көлемдегі суды тек техникалық мақсатта пайдалануға болады. Осылайша ғалымдар пікірі бір жерден шығып отыр. Себебі карьерден келер залал жоқ.
Бақытжан Таймасов, техника ғылымдарының докторы, профессор: «Қазақстандағы көптеген карьерлерде болдым. Бұл кареьерді үлгі деп есептеуге болады. Мұнда барлық технологиялар сақталуда. Ал егер карьер жабылса не болады? Біз онда ағаштан жасалған үйлерде немесе үңгірлерде тұруымызға тура келеді. Өйткені цементтің өндірісінде пайдаланылатын шикізат осы карьерде арқылы алынады. Ал цемент құрылысқа қажетті негізгі қажеттілік».

«Шымкентцемент» АҚ кәсіпорны карьерде өңдеу жұмыстарын өткен ғасырдың 50 жылдары бастаған болатын. Тек бірнеше жылдан кейін ол маңға жақын жерде ауыл пайда болыпты. Жылдар өте ауыл тұрғындары карьер – су тапшылығын тудырды деп мәлімдеген. Алайда тұрғылықты халықтың шағымдары бойынша жүргізілген тексерулер, карьердің жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне ешқандай әсері жоқтығын дәлелдеген.

Збигнев Шишка, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: «Су тапшылығына қатысты біздің кәсіпорында 2021 жылы мемлекеттік өкілетті органдар -Түркістан облысы бойынша экология департаменті және Түркістан облыстық әкімдігі тарапынан тексеру жүргізілді. Құзыретті мемлекеттік мекемелердің тексеру қорытындысы бойынша экологиялық тұрғыда ешқандай бұзушылықтар анықталмады. Тұрғындар көтеріп отырған мәселелерге біз де немқұрайлы қарай алмаймыз. 18 елдімекендегі сумен қамту мәселесінің шешілуіне қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазіргі таңда Төлеби аудандық әкімдігі тарапынан сумен қамту жабдығын орнату бойынша техникалық мүмкіндіктер бастапқы құжаттар әзірленуде».

Ендігі мәселе әкімдікке тікелей байланысты. Қажетті құжаттар тапсырыла сала кәсіпорын ауылдарды сумен қамту бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріседі. «Шымкентцемент» АҚ бас директорының айтуынша, ауылда зауыттың қызметкерлері және карьерді өңдеу жұмыстарына тартылған мамандар тұрады. Сонымен қатар, кәсіпорын ынтымақтастыққа, әсіресе тұрғылықты халықты қолдауға қашан да ашықпыз деп отыр.

Збигнев Шишка, «Шымкентцемент»АҚ бас директоры: «Қызметкерлердің көпшілігі карьерде жұмыс істейтіндер- жақын ауылдардың тұрғындары. Карьердегі тастар цемент өндірісінде ғана емес көктемдегі су тасқыны кезінде Бадам өзенінің жағалауын бекітуге және де тұрғылықты халықтың қажетілігі үшін де пайдаланылады. Мысалы, біз су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға цементті тегін бердік. Соңғы 3 жылда «Шымкентцемент» АҚ 30 млн көлемінде демеушілік көмек жасады».

Зерттеулердің нәтижесі бойынша ауыл ағайындарының үйінде су деңгейінің төмендеуіне кінәлі емес кәсіпорын, сумен қамту жоба жұмыстарын әкімдік жылдың соңына дейін аяқтайтынына сенімді. Олай болса, жұмыстар 2022 жылдың басында басталады.

Шынар Оразова