Шымкенттіктер олимпиада жүлдегерлерін зор қошеметпен қарсы алды

134

 XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Дархан Асаділов пен Софья Берульцева туған жерге оралды. Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жеңімпаз спортшыларды жерлестері зор қошеметпен күтіп алды. Қала әкімі ғаламдық байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған спортшыларды жеңісімен құттықтады.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған спортшыларды әуежайдан қарсы алып, жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтады. Олардың төрт жылдықтың басты бәсекесінде үмітті ақтағанын айтып, алдағы дүбірлі додаларда одан да жоғары жетістіктерге жетулеріне сәттілік тіледі. Шаһар басшысы спортшыларға демеуші азаматтардың атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі: «Шымкент қаласының мақтанышы болып, дүние жүзіне Қазақстанның жалауын желбіретті. Бәріңізді құттықтаймыз. Бүгін мына біздің қаланың белсенді кісілері біздің спортшыларымызға сыйлығын алып келіпті. Сол сыйлығын қазір беруге рұқсат етіңіздер».

Дархан Асаділов Олимпиадада каратэден ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ол жартылай финалға дейін жетіп, онда Франция өкілі Стивен де Костаға есе жіберген еді. Енді ол мұнымен тоқтамай, алдағы додада бас жүлдеге ұмтылатын айтады спортшы.

Дархан Асаділов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері: «Әрине, оңай жарыс емес. Қарсыластардың бәрі осал емес. Ел үшін, жер үшін, ту үшін барын салдық. Бұйырғаны осы екен. Осы елге келгенше кішкене өкініш болған еді, халықтың қуанышын көріп әке-шешемнің көмегін көріп кішкене өзімізге келдік. Барлығына рахмет. Алғысым шексіз. Алла разы болсын!».

Дарханның ата-анасы перзентінің әр жекпе-жегін тағатсыздана күткенін айтады. Қаншама жыл тер төккен еңбегі соңында өзінің жемісін берді дейді.

Әбліқадыр Асаділов, Дархан Асаділовтің әкесі: «Бәріміз қуандық. Үй ішімізбен бәріміз бірге тамашаладық. Баламның 20 жылдық қызметі бұл. Сол үшін біз де қуандық. Телефонмен сөйлесіп тұрдық».

Ал Софья Берульцева әйелдер арасында каратэден 61 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ол да финалға бір табан жақын қалғанда египеттік Фериял Абделазизден айласын асыра алмай, қола медальдің иегері атанды. Ол өз жүлдесін осы жылдың басында дүниеден озған Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысына арнады. Сөзінше, алда оны Азия және әлем чемпионаттары күтіп тұр.

Софья Берульцева, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері: «Әр жарысқа барған кезде үнемі жоғарыдан көрінгің келеді. Бірақ қола жүлдеге ие болдым, оған да қуаныштымын. Каратэден бұл жарысқа алғаш рет қатыстық. Спорттың бұл түрін 2024 жылғы Олимпиадаға қалдырса, онда да топ жаруға тырысамыз».

Айта кетсек, Токио Олимпиадасында Шымкент қаласынан 10 спортшы бақ сынаған болатын. Қазақстан төртжылдықтың додасында сегіз қола медаль жеңіп алып, жалпы медальдік есепте 83-ші орынды иеленді.

Әлихан Файзханов