Шымкентте кавасаки тәріздес синдромға шалдыққан бес жасар науқас бала сауықты. Бүлдіршін 30 шілде күні «Асар» шағынауданындағы балалар ауруханасына ауыр жағдайда жедел жәрдем қызметімен түскен болатын.
Науқас бала бес күндей жансақтау бөлімінде жатып, алынған сынама нәтижесінде кавасаки тәріздес синдром анықталған еді. Ақ халаттылар қауіпті инфекцияға шалдыққан науқасты емдеу үшін тиісті емдеу шараларын жүргізіп, аяғынан тұрғызды. Дәрігерлер қауіпті инфекция коронавирустың асқынуынан пайда болатынын айтады.
Қаламқас Даумбаева, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары: «Бала 5 күндей реанимацияда болды. Дер кезінде диагнозын қойып, ем тағайындау арқасында баланың жағдайы динамикада жақсаруымен болды. Баланы 5 күндей реанимацияда, одан кейін тағы 5 күн бөлімшеде қадағалап баланың жағдайының жақсаруына байланысты үйге амбулаторлық бақылауға шығардық».
Қауіпті инфекциядан жазылып шыққан бүлдіршін ауруханадан шығарылды, енді жергілікті тіркелген емханадағы дәрігерлердің бақылауына болады. Айта кетейік, жыл басынан бері қалада кавасаки тәріздес синдром екі баладан анықталған.
Олжас Айдарбек